Қазақстан мен Қытай ғалымдары бірлесіп, микроспутник дайындап жатыр

Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды. Ғалымдар дайындап жатқан микроспутник пен суперкомпьютер кластерін көрді деп хабарлады Ақорда.
ҚазҰУ-да экономиканың нақты секторлары үшін инновациялық шешімдер ұсынатын платформа ретінде Farabi Hub құрылған. Оның базасында ЖИ мен стартап жобалары іске асырылады. 300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылып, 20 млн доллардан аса инвестиция тартылған.
Мәселен, қазір қазақ ғалымдары Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп, NKSAT спутнигін әзірлеп жатыр. Ол жердің тартылыс аумағы мен радиация деңгейін өлшеуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған.
Одан бөлек университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. Бұл кластер күрделі есептеулерді орындау уақытын қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырады. Сондай-ақ ІТ және жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға кеңінен жол ашады.
Бұдан бөлек президент «Цифрлық технологиялар мен роботты техника» халықаралық институтын және Роботты техника орталығын, сондай-ақ Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығын аралап көрді.
Биыл ҚазҰУ-дағы суперкомпьютер Weather Research and Forecasting (WRF) сандық ауа райын болжау моделін іске қосқан. Енді сол арқылы Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша ауа температурасы, атмосфералық жауын-шашын, жел параметрлері және метеограммалар бойынша болжам жасауға болады.