Halyk Bank Бағдат Мусиннен төлем сервисін сатып алмақшы

2025 жылдың соңында Halyk Bank «Comrun» ЖШС компаниясының 100% акциясын сатып алатыны туралы келісімге қол қойды. Ал компания иелерінің бірі «Қазақтелеком» басшысы, бұрынғы министр Бағдат Мусин деп жазады Kursiv Media.
Бұл жаңалық Halyk Bank-тың қаржылай есебінен белгілі болды. Онда хабарланғандай екі тарап 2025 жылы 10 желтоқсанда келісімге келген. Бірақ қаржылық есеп жарияланған күнге, яғни 2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, мәміле реттеуші органдардың рұқсатын күтуге байланысты әлі аяқталмаған.
Comrun компаниясы re:Kassa онлайн-касса сервисін иеленеді. Платформа сатылымды автоматтандыру, онлайн-кассалармен жұмыс сияқты қызмет ұсынады.
Жаңа сервис банкке не үшін керек?
Бұған дейін 2025 жылы тамызда Halyk Bank re:Kassa-мен стратегиялық серіктестік орнату туралы келісім жасағанын хабарлады. Сервис банкке клиенттері үшін бизнес-процестерді автоматтандыратын құралдар, цифрлық кассалар енгізу үшін қажет болды. Ал қазанда POS-терминал мен онлайн-кассаны бір құрылғыға біріктірген жаңа жобаны таныстырды.
Comrun компаниясы Beintech компаниясына тиесілі. Ашық дерекке сүйенсек, оның иесі кәсіпкер Данияр Асанов пен Beintech Kazakhstan жеке компаниясы. Соңғы ұйым өткен жылы қарашада «Астана» қаржы орталығында тіркелген, құрылтайшысы – Бағдат Мусин, Әлия Кенжебекованың сенімгершілік басқаруында.
Бағдат Мусин 2024 жылдың шілдесінен бері «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы, оған дейін төрт жыл цифрлық даму министрі болған.
Осыған дейін Halyk Bank-тың өзбекстандық Click-ты сатып алуға қатысты мәмілесі бұзылғанын жазған едік. Жарты жылдан астам уақыт жүргізілген келісімнің енді қашан жасалары белгісіз.