Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті 392 сотталушыға рақымшылық жасады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Ораза айт және Наурыз мерекелері қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 392 адамға рақымшылық жасады. Бұл туралы Kursiv.media UzA басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

392 сотталушының 223-і толық босатылды, 82 адам шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Тағы 34 адамның бас бостандығынан айыру жазасы жеңілірек жазаға ауыстырылды, ал 53 адамның жаза мерзімі қысқартылды.

Рақымшылыққа іліккендердің қатарында 26 әйел, 166 жас азамат және 60 жастан асқан 14 ер адам бар. Сондай-ақ тізімге үш шетел азаматы мен тыйым салынған ұйымдардың 24 қатысушысы енген.

Салалық министрліктер мен ведомстволарға босатылған азаматтардың жақындарына оралуына көмектесу тапсырылды. Оларға жұмысқа орналасуға және қоғамға бейімделуге қолдау көрсетіледі.

Еске салайық, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы мұны жаңа Конституцияны қабылдаған кезде айтты.

Сондай-ақ оқыңыз