Алатау өзін-өзі қамтығанша қала бюджетінен қаржы алуға тыйым салынады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
2023 жылы Алатау қаласының макетінде үлкен жабық футбол стадионының жобасы көрсетілген еді / фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: KursivMedia мұрағаты

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр.

Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған вице-премьер Қанат Бозымбаев Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болатынын атап өтті.

Оның сөзінше, қала бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады.

«Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітеді. Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді»,  – дейді ол.

Қаланың дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді. Олардың қатарында 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мастер-жоспар бар. Инвесторлар үшін тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бұл құжаттарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жылда бір реттен жиі енгізілмейді.

Бұған дейін Алатау мен Астана қаласының мәртебесі конституциялық заңмен бекітілетіні хабарланған.

Еске салсақ, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Alatau City жобасына қанша инвестиция тартылатынын нақты айта алмаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз