Депутат жүргізуші куәлігінен айырылғандарға рақымшылық жасауға қарсы шықты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жүргізуші куәлігінен айырылғандардың әкімшілік амнистияға ілігуіне қарсы шықты.
Депутаттың пікірінше, жүргізушілердің едәуір бөлігі мас күйінде көлік жүргізгені үшін құқығынан айырылған. Базарбек куәлігінен айырылған жүргізушілерге рақымшылық жасау қауіпті деп санайды.
«Мас болып көлік жүргізгендер рөлге қайта оралуы мүмкін. Бұл – үлкен қауіп. Әкімшілік амнистия аясында жүргізуші куәлігінен айырылғандарға қатысты мәселе қаралады деп нақты айта алмаймын. Жалпы мұндай адамның көп екеніне қарамастан, бұған қарсымын», – деді Бақытжан Базарбек.
Бұған дейін елде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатыны айтылды. Одан бөлек 2025 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылды, ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар. 11 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқарды.
«Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек», – деді президент.
Осылайша азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланады.