Ерлан Қошанов: Конституция білімді және прогрессивті қоғамға жол ашады

Жарияланды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасының дайындалуын мұқият зерделенген және асығыс деп айтуға болмайды. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне берген сұхбатында айтты.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, былтыр күзде Мемлекет басшысы екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшуге бағытталған ауқымды парламенттік реформаға бастамашы болды. Ал Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ата Заңға енгізілетін негізгі өзгерістер айқындалды.

Сол сәттен бастап науқан белсенді кезеңге өтті, 130-дан астам сарапшыдан тұратын Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды және елдің түкпір-түкпірінен азаматтар арнаулы платформалар арқылы өз ұсыныстарын белсенді түрде жолдай бастады. Жоба азаматтардың ой-пікірлерін ескеріп, күн сайын жаңартылды, жетілдірілді. 

– Конституцияның жекелеген нормаларын Президент тікелей өзі жазды. Бұл да қисынды, себебі жаңа Конституция идеясының иесі – Мемлекет басшысы. Оның ішкі принциптеріне сәйкес келетін Әділдік, Заң мен Тәртіп, Тазалық идеялары Конституцияның Преамбуласының негізіне айналды. Бір кездері Мемлекет басшысының жанында, Президент Әкімшілігінде қызмет ете жүріп, мен оның халқымызды жоғары интеллектуал, білімді, кітап оқитын ұлт ретінде көргісі келетін шынайы ниетін аңғаратынмын. Бұл ойды ол жылдар бойы дамытып келді, бүгінде осы ізгі ойлар конституциялық мәнге ие болып отыр, – деді Ерлан Қошанов. 

Палата спикері Президенттің Конституция жобасын дайындауға қатысуы жұмысқа ерекше тереңдік пен серпін бергенін атап өтті. Ал жаңа нормалар елдің білімді әрі прогрессивті қоғамға қарай бағытын айқындайды. Оның айтуынша, бұл болашақ ұрпақтың жастайынан ілім-білімнің құндылығын түсініп, оқуға, жоғары мәдениетке ұмтылатын болады. 

Сондай-ақ оқыңыз