Депутаттар бірінші оқылымда Алатау қаласының мәртебесі туралы заң қабылдады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Алатау қаласының макеті
Алатауда салынуы керек ең биік ғимараттың бірі / фото: Iconictowers

Парламент депутаттары бірінші оқылымда «Алатау қаласының арнайы режимі туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдады.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың атап өтуінше, бұл заң жобасы бойынша депутаттар мен комитеттерден 527 ұсыныс келіп түскен.

Жаңа қаланы кім басқарады?

Мәжілісте заң жобасын таныстырған Қанат Бозымбаев қаланы басқару жүйесі туралы түсіндірді. Оның сөзінше, Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Жаңа органның негізгі бағытын премьер‑Министр басқаратын Кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады.

Қаланы басқару жүйесі:

  • Кеңес – Алатау қаласының жоғары басқару органы.
  • Әкімшілік – қаланың дамуын қамтамасыз ететін және басшылықты жүзеге асыратын, мемлекеттік қор нысанындағы орталық мемлекеттік орган.
  • Мәслихат – қаланың жергілікті өкілді органы.
  • Әкімдік – қаланың жергілікті атқарушы органы.

Кеңес құрамы мен санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Ол кеңес қала аумағын ұлғайту, қала маңы аймағын белгілеу және жерді пайдалану режимін айқындау туралы шешімдер қабылдайды.

Заң басымдығы

Заң жобасында жазылғандай, Алатауда сол қала заңнамасының күші басым болады. Яғни егер Қазақстан Республикасының басқа заңдары осы Конституциялық заңға қайшы келсе, осы заңның нормалары қолданылады. Кез келген күмәнді тұстар Алатау қаласы заңнамасының пайдасына шешіледі.

Ақылда қала саясаты

Құжатқа сәйкес, қаланың арнайы мәртебесінің басты міндеттерінің бірі – «ақылды» қала құру.

  • Қала өміріне қатысты барлық мәліметтер мен басқару процестері міндетті түрде бірыңғай қалалық цифрлық платформаға біріктіріледі.
  • Мемлекеттік қызметтер мен лицензиялар «бір терезе» қағидатымен тек цифрлық жүйелер арқылы көрсетіледі.
  • Жылжымайтын мүлікті тіркеу, зияткерлік меншік және цифрлық активтер айналымы үшін блокчейн сияқты заманауи технологиялар ресми түрде енгізіледі.
  • Қаланың барлық актілері мен шешімдері цифрлық форматта жарияланғанда ғана заңды күшіне ие болып, халыққа қолжетімді болады.

Алатау қаласының инвестициялық саясаты

Қаланың инвестициялық саясаты бойынша, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. Қаладағы инвесторлар құқығы халықаралық деңгейде қорғалады. Олар Астана қаржы орталығын немесе халықаралық арбитражды таңдай алады.

Қаладағы салық саясаты

Бозымбаевтың сөзінше, салық жеңілдіктері қаладағы басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Ол жобалар

  • экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
  • қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
  • экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаты
  • экологиялық талаптарды қамтуы деген критерийлерге сай болуы керек

Барлық жеңілдіктер мен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланады.

Қаладағы бюджет саясаты

Заң жобасына сәйкес, қаланың бюджеті республикалық бюджет құрамындағы блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасады. Негізінен инфрақұрылымды дамытуға, ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға арналады. Ал бюджет бөлінетін жобалар Кеңес арқылы іріктеледі.

Ал қаланың өз бюджеті әлеуметтік жобаларға және өзге де міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады.

Қаланың дамуына арналған 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мастержоспар әзірленген.

Инвесторлар алдындағы тұрақтылықты сақтау үшін ол құжаттарға тек бес жылда немесе он жылда бір рет қана өзгеріс енгізіледі.

Қаладағы жер саясаты

Инвесторлар үшін қалада арнайы жер қоры қалыптастырылады. Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі.

Жер учаскелері инвесторларға бизнеслицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Оны пайдалану үшін нақты инвестициялық міндеттемесі болуы керек. Қажет болған жағдайда қала аумағы үшін қажет жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару немесе алып қою рәсімдері жүргізілуі мүмкін.

Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаевтың сөзінше, 2050 жылға дейін Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға 10 трлн теңге қажет болады.

Парламент отырысынан кейін тілшілер алдына шыққан ол қала әкімі боласыз ба деген сұраққа да жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыз