Жұлдыз Сүлейменова Google компаниясын бірлесе жұмыс жасауға шақырды

Жұлдыз Сүлейменова Google компаниясын «Келешек мектептері» жобасы аясында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, Жұлдыз Сүлейменова жұмыс сапарымен Қазақстанға келген Google for Education компаниясының Ұлыбритания, Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Анна Артемьевамен кездесті.
Тараптар білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау, заманауи технологиялық шешімдерді оқу процесіне енгізу және білім беру инновациялары саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Министр еліміздің орта білім беру саласындағы жасанды интеллект технологияларын дамыту жоспарларымен бөлісіп, Google компаниясының бастамаларын талқылады.
«Біз Google компаниясын «Келешек мектептері» жобасы аясында бірлесе жұмыс жасауға шақырамыз. Ел аумағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84 і ауылдарда орналасқан», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, елімізде шағын жинақты мектептер бар. Ауылдарда барлығы 6 мыңнан астам мектеп орналасқан. Қазір Қазақстан үшін стартегиялық басымдықтардың бірі – ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою.
Кездесу барысында Google компаниясының өнімдеріне негізделген Google Classroom, Gemini, Notebook LLM және өзге де жасанды интеллектіге негізделген шешімдер таныстырылды.
Ал Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылдан бастап оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылатынын мәлімдеген еді.