Қазақстан Каспий құбыры арқылы мұнай экспортын 14 пайызға арттырмақ

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) ағымдағы жылдың сәуір айында CPC Blend маркалы мұнай экспортын тәулігіне 1,6-1,7 миллион баррельге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл наурыз айындағы нақтыланған жоспармен (тәулігіне 1,4-1,5 млн баррель) салыстырғанда шамамен 14%-ға артық. Бұл туралы Рейтер агенттігіне саладағы екі дереккөз хабарлады.
Дегенмен, мамандар сәуірдегі жоспардың қайта қаралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұған КҚК-ның Қара теңіздегі терминалы арқылы мұнай жөнелту жағдайының жиі өзгеруі себеп болуы мүмкін.
Айта кетейік, наурыз айындағы CPC Blend экспортының тасымалы 15%-ға қысқарған болатын. Жөнелту көлемінің азаюына алып Теңіз кен орнындағы өндіріс жоспарының қайта қаралуы, сондай-ақ Қара теңіздегі ауа райының қолайсыздығы мен дрондар шабуылы әсер етті.
Мұнайға сұраныс артты
Қазіргі уақытта Таяу Шығыстан шикізат жеткізудегі іркілістерге байланысты CPC Blend мұнайына сұраныс айтарлықтай жоғары. Дереккөздердің мәліметінше, бүгінде бұл сорт Dated Brent бағасына қарағанда үстеме бағамен (премиямен) саудаланып жатыр. КҚК өкілдері жөнелтілім бойынша жедел деректерге қатысты ресми пікір білдіруден бас тартты.
Қазақстанның экспорттық мұнайының 80%-дан астамы КҚК құбыры арқылы тасымалданады. Шикізаттың негізгі бөлігі Каспийдегі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан келіп, Новороссийск маңындағы Южная Озереевка терминалында танкерлерге тиеледі.
КҚК акционерлері: Ресей 31%, Қазақстан 20,75%, Chevron 15% және басқа да жеке компаниялар.
Еске сала кетейік, 2025 жылы экспортқа шығарылған мұнайдың негізгі бөлігі Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданды. КҚК инфрақұрылымы бірнеше рет дрон шабуылына ұшырағанына қарамастан, осы құбыр арқылы Қазақстанның 64,8 млн тонна мұнайы жеткізілген. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 18%-ды құрайды. Жалпы Каспий құбыры арқылы 2025 жылы Еуропаға 70,52 млн тонна мұнай жеткізілген.