Трамп Иранмен нәтижелі келіссөз жүргізіп жатқанын жазды

АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы екі күн ішінде Америка Құрама Штаттары мен Иран Таяу Шығыстағы келіспеушіліктерді толық әрі түпкілікті реттеу мәселесі бойынша «өте жақсы және нәтижелі келіссөз» жүргізгенін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ президенті The Truth әлеуметтік желісінде жазды.
«Осы жан-жақты және конструктивті келіссөздер алдағы аптада да жалғасады. Соны ескеріп, Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауды бес күнге шегеруді тапсырдым», – деп жазды ол.
Алайда Tasnim агенттігінің дереккөзі Тегеран мен Вашингтон арасында қандай да бір келіссөз болғанын жоққа шығарған.
Мұнай бағасы қалай өзгерді?
Трамптың мәлімдемесінен кейін Brent маркалы мұнай бағасы түсті. Қазір баррелі 102,88 доллар деңгейінде саудаланып жатыр, бұл бұған дейінгі көрсеткіштен 8,298%-ға төмен.
Оған дейін мұнай бағасы шамамен барреліне 113 доллар деңгейінде болған.