Қазақстанда тағы бір танымал блогерге іздеу жарияланды

Қаржы мониторингі агенттігі блогер Ильяр Ювашевке мемлекетаралық іздеу жариялады.
1998 жылы туған Қазақстан азаматы andersonchik1 лақап атымен танымал. Ол ел аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, Ювашев 2024–2025 жылдары интернет-казино желісін құруға және басқаруға қатысқан. Оның ішінде mellstroy.game ресурсы да бар.
«Қаржы ағындарын заңдастыру және операцияларды жасыру мақсатында 22 жалған заңды тұлға тіркеліп, POS-терминалдар мен электронды төлем құралдары пайдаланылған. Осы арқылы ойыншылардан 3,6 млрд теңгеден астам қаражат түскен», – делінген хабарламада.
ҚМА күдіктінің жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлауды сұрады.
Айта кетейік, былтыр блогер Mellstroy-ге іздеу жарияланған еді.