Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан әуе компаниялары дағдарысқа ұшырауы мүмкін

Жарияланды
Әуе компаниялары дағдарысқа ұшырауы мүмкін /shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Әлемдік авиация саласы жаңа дағдарыс қаупіне тап болды: Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде авиаотын қоры, сала өкілдерінің бағалауынша, небәрі бір айға жетуі мүмкін. Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы аясында әуе компаниялары мен әуежайлар авикеросин жеткізілімнің азаюы мен бағаның одан әрі өсуінен қауіптеніп, шұғыл түрде дағдарысқа қарсы жоспарлар әзірлеуде.

Халықаралық тасымалдаушылар жағдайдың ең күрделі сценарийіне дайындала бастаған

Financial Times басылымының жазуынша, әуе компанияларының басшылары мамыр айына отын жеткізілімін кепілдендіру барған сайын қиындап жатқанын мойындайды. Ал жеткізушілер отынның бар екенін тек алдағы бірнеше аптаға ғана растап, ұзақ мерзімді міндеттемелерден бас тартып отыр.

Air France-KLM компаниясының басшысы Бен Смит отын тапшылығы жағдайына арналған түрлі сценарийлер әзірленіп жатқанын ашық айтты. Қарастырылып жатқан шаралардың ішінде ең тиімсіз бағыттар бойынша рейстерді қысқарту бар. Ең алдымен бұл Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттарына қатысты, өйткені мәселе логистикамен күрделене түседі: Еуропада отын жеткілікті болғанымен, ұшақтар кері қайту үшін қажетті отынды өзімен бірге алып ұша алмайды және межелі әуежайлардағы жанармайға тәуелді.

Өзге де нарық ойыншылары алаңдаушылық білдіруде

EasyJet әуе компаниясының бас директоры Кентон Джарвис жеткізушілердің отын қорын ең көбі үш аптаға ғана кепілдендіре алатынын, ал ұзақ мерзімді болжам жасауға ешкімнің дайын еместігін атап өтті. Оның айтуынша, салада белгісіздік деңгейі жоғары және тапшылық сценарийі барған сайын шынайы көріне бастады.

Жағдайды отын бағасының күрт өсуі одан әрі қиындатып отыр

Argus Media деректеріне сәйкес, Солтүстік-Батыс Еуропада авиаотын бағасы тоннасына 1700 долларға дейін жетіп, тарихи рекорд орнатқан. Бұл көрсеткіш Таяу Шығыстағы қақтығысқа дейінгі деңгейден шамамен екі есе жоғары. Мұндай өсім, әсіресе, бағаны алдын ала бекітіп үлгермеген әуе компанияларына қатты қысым түсіруде. Қауіп аймағында SAS, United Airlines, Delta Air Lines және American Airlines сияқты ірі тасымалдаушылар бар. Мәселен, SAS компаниясы қазірдің өзінде шамамен мыңға жуық рейсті тоқтатуға мәжбүр болды.

Қысымды күшейткен тағы бір фактор – отын экспортының қысқаруы

Негізгі жеткізушілердің бірі саналатын Кувейт авиаотын жеткізуді уақытша тоқтатты, ал Азиядағы бірқатар елдер де экспорт көлемін азайтты. Осының нәтижесінде дәстүрлі түрде Таяу Шығысқа тәуелді болған жеткізу тізбектері бұзылу қаупіне ұшырады.

IATA ұйымының басшысы Уилли Уолш қазіргі жағдайды «тарихтағы ең күрделі отын жеткізу мәселесі» деп атады. Оның сөзінше, бұл дағдарыс барлық өңірге әсер етеді, өйткені авиаотын әлем бойынша еркін айналатын жаһандық ресурс.

Соған қарамастан, кейбір компаниялар жағдай өзгермейді деп үміттенеді. Мысалы, Ryanair басшысы Майкл О’Лири тек Еуропа ішінде ұшатын әуе компаниялары жақын айларда тапшылықты сезінбеуі мүмкін деп есептейді. Дегенмен, бұл сегменттің өзінде бағаның өсуі тасымал құнына әсер ете бастады.

Қазіргі таңда кейбір әуежайларда шектеулі қорлар сақталған

Мәселен, Азиядағы жекелеген ірі хабтарда отын шамамен 20-25 күнге жетеді. Алайда бұл қорлар негізгі мәселені – жеткізілімнің тұрақсыздығын шеше алмайды.

Осы жағдайға байланысты бірқатар елдер алдын алу шараларын қарастыруда. Атап айтқанда, Вьетнам халықаралық рейстер санын қысқарту мүмкін екенін ескертті. Егер жағдай тұрақталмаса, мұндай қадамға өзге елдер де баруы ықтимал.

Осылайша, әлемдік авиация саласы «турбулентті» кезеңге қадам басты. Егер Таяу Шығыстағы қақтығыс ұзаққа созылса, сала тек бағаның өсуімен емес, отын тапшылығымен де бетпе-бет келуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде рейстердің қысқаруына, бағыттар желісінің өзгеруіне және ақыр соңында әуе билеттерінің қымбаттауына алып келеді.

Еске сала кетсек, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастады. Салдарынан әлемде мұнай мен газ бағасы өсті.  Еуропа елдері газ дағдарысына ұшырауы ықтимал.  

Сондай-ақ оқыңыз