Салық төлеуші ең ірі 30 компания анықталды

Kursiv Media зерттеуінше, Қазақстанның мемлекеттік бюджетін толықтыруда мұнай-газ секторы сөзсіз көшбасшы болып қала бермек. Алайда, Кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылғы салықтық түсімдердің жаңа деректері экономикадағы басқа да ойыншылардың, соның ішінде қаржы институттары мен тау-кен металлургия кешенінің ұлттық қазынадағы салмағы артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Қазақстанның ТОП-30 компаниясы
Мұнай алыптарының абсолютті лидері
Рейтингтің басында дәстүрлі түрде «Теңізшевроил» ЖШС орналасқан. Бұл компанияның бюджетке құйған салығы астрономиялық соманы – 3 590,1 млрд тг құрады. Бұл тізімдегі келесі ондыққа кіретін компаниялардың салық көлемін қосып есептегеннің өзінде ТШО-ның бір өзі берген көрсеткішке жете қоймайды. Екінші орында Батыс Қазақстандағы тағы бір алып жоба – «Қарашығанак Петролеум Оперейтинг Б.В.» (937,8 млрд тг) жайғасқан.
Қаржы секторының серпіні
Ең қызығы, Топ-3-тікті мұнай немесе металлургия компаниясы емес, Қазақстанның ең ірі қаржы институты қорытындылап тұр. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мемлекетке 320,3 млрд тг салық төлеп, шикізаттық емес сектордың басты донорына айналды. Сонымен қатар, бұл тізімде Kaspi экожүйесінің қос бірдей құрылымы көрініс тапқан: «Kaspi Bank» АҚ (151,7 млрд тг) және «Kaspi Дүкен» ЖШС (126,2 млрд тг). Сондай-ақ банк секторынан рейтингке «ЦентрКредит Банкі» АҚ (110,3 млрд тг) сенімді түрде енген.
Металлургия және шылым өндірісі
Тау-кен өндірісі де бюджеттің маңызды тірегі екенін дәлелдеді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС (310,5 млрд тг) мен «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС (276,7 млрд тг) алғашқы ондықтан орын алды. Сондай-ақ, назар аударарлық тенденциялардың бірі – темекі өндірушілердің жоғары позициялары. «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС (206,3 млрд тг) және «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС (183,8 млрд тг) салық төлеу көлемі бойынша тіпті кейбір ірі мұнай-газ кәсіпорындарын артта қалдырған.