Мұнай 150 доллар: қымбатшылық пен экономикалық тоқырау қайта орала ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай бағасы 150 долларға жетсе не болады / Фото: shutterstock

Егер Ормуз бұғазы бірнеше айға жабылып қалса, мұнай бағасы 150 доллардан асып кетуі мүмкін. Teniz Capital сарапшыларының ойынша, бұл АҚШ экономикасын тығырыққа тірейді: бағалар шарықтап, өндіріс тоқтайды. Тіпті президент Трамптың ФРЖ басшысына «пайызды төмендет» деп қысым көрсетуі де 50 жыл бұрынғы тарихи қателікті еске түсіріп отыр. Ол кезде мұндай саяси қысым үлкен дағдарысқа әкелген болатын.

2026 жылдың ақпан айының соңында басталған геосаяси қақтығыстар мұнай нарығын алай-дүлей етті. Небәрі екі аптаның ішінде мұнай бағасы 70 доллардан 120 долларға дейін бірақ көтерілді. Бұған басты себеп – әлемдік мұнайдың төрттен бірі өтетін Ормуз бұғазының бұғатталуы. Бұл жағдай 1973 жылғы әйгілі «мұнай шогын» еске түсіреді. Ол кезде де бағаның күрт өсуі бүкіл әлем экономикасын есеңгіретіп тастаған болатын.

Стагфляция деген не және ол несімен қауіпті?

Қазіргі таңдағы ең қорқынышты болжам — «стагфляция». Бұл дегеніміз:

  1. Бағаның өсуі: Жанармай, азық-түлік және қызмет түрлері қымбаттайды.
  2. Экономиканың тоқтауы: Кәсіпорындар шығынды көтере алмай, өндірісті азайтады, жұмыс орындары қысқарады.

АҚШ-тың Орталық банкі (ФРЖ) қазір екі оттың ортасында. Егер олар несие пайызын көтерсе — инфляцияны тоқтатады, бірақ бизнесті қинатады. Ал егер пайызды төмендетсе — бизнеске жеңіл болады, бірақ бағалар одан ары шарықтап кетеді.

Тарих сабағы: Саясаткерлердің қателігі

1970-жылдары АҚШ президенті Никсон сайлау алдында экономиканы жақсы көрсету үшін Орталық банкке «пайызды төмендет» деп қысым жасаған. Банк басшысы бұл талапқа көніп, нәтижесінде инфляция бақылаудан шығып кетті.

Бүгін де осындай жағдай қайталануы мүмкін: Президент Трамптың ФРЖ басшысы Джером Пауэллге жасап жатқан қысымы экономиканы үлкен қатерге итермелеп жатыр.

Бұрынғы дағдарыстардан бір айырмашылығы, қазіргі әлем интернет пен жасанды интеллектке (AI) өте тәуелді. Бұл жүйелер жұмыс істеу үшін орасан зор электр энергиясын қажет етеді. Егер мұнай мен газ қымбаттаса, Google, Microsoft сияқты алып компаниялардың шығыны артады. Бұл тек жанармай бекеттеріндегі бағаға емес, сіз бен біз қолданатын барлық цифрлық қызметтерге әсер етеді.

Болжам қандай

Сарапшылардың пйымдауынша, егер Ормуз бұғазы жабық қала берсе, мұнайдың 150-200 долларға дейін көтерілуі – нақты қауіп. Тарих көрсеткендей, мұндай тығырықтан тек қатаң әрі тәуелсіз экономикалық шешімдер ғана алып шыға алады. Инвесторлар мен қарапайым халық үшін бұл – үнемдеу мен сақ болуды қажет ететін кезең.

Сондай-ақ оқыңыз