Сол жағалаудағы аукцион: «ескі Қазақстан» шенділерінен қайтқан ғимарат сатылады

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Астананың қақ ортасындағы «Тұлпар» тұрғын үй кешенінен екі коммерциялық нысанды сатылымға шығарды. Аукцион 2 сәуірде өтеді.
Бұл – елорданың сол жағалауындағы Байтерек пен Abu Dhabi Plaza-ға жақын жердегі танымал аудан.
Сатылатын нысанның бірі – ауданы 88,2 шаршы метр болатын SaBO аяқ киім дүкені орналасқан жай, оның бастапқы бағасы 195 млн теңге деп белгіленген.
Екінші нысан – дәл осы ғимараттағы ауданы 135,7 шаршы метр болатын азық-түлік дүкені, ол 194,9 млн теңгеге бағаланып отыр.
Айта кету керек, «Тұлпар» тұрғын үй кешені 2025 жылдың күзінде кафеден шыққан өрттің салдарынан айтарлықтай зардап шегіп, тұрғындар бір ай бойы қонақүйлерде тұруға мәжбүр болған еді.
Бұған дейін «ескі Қазақстанның» бай-бағландары қайтарған қымбат пәтерлер де саудаға шағарылып, тағы да өтпей қалған.
Бұған қоса, KUVA экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza ғимаратын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр. Бұл ғимаратты да сатып алуға ниетті ешкім табылмай жатыр.