Тоқаев Ербол Хамитовты «Барыс» орденімен марапаттады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ақордада Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті/фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХІV Қысқы паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ақордада Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өткен. Президень Италияда өткен әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болғанына тоқталды.

«Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық», – деді президент.

Тоқаев бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Хамитовтың жетістікке жету жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды.

«Ербол Хамитовтың чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді. Атлеттеріміздің жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Табысқа жету формуласын бәрі біледі. Алайда асқақ мұратқа қол жеткізу үшін көптеген игіліктен және өмірдің қызығынан бас тартып, қиын жолды еңсеруге екінің бірі тәуекел етпейді. Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін береді», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Ждановичке «Парасат» ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені табысталды.

Айта кетейік, ХІV Қысқы паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов алтын және қола медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ оқыңыз