Қазақстан – Ресей арасындағы сауда көлемі 30 млрд долларға жақындады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, Мишустин елге жұмыс сапарымен келген.
«Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ өзара тиімді диалог пен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қарқын алғанына назар аударылды», – деп хабарлады Ақорда.
Президенттің айтуынша, Михаил Мишустиннің Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысуы Қазақстан-Ресей байланыстарының айрықша сипатын және оны одан әрі өрістетуге қос тараптың ұмтылысын тағы да растайды.
«Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине, қуаныштымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгіме барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне мән берілген.
«Мемлекет басшысы Астана алдағы сапарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға тың серпін беретін өте маңызды шара ретінде қарастыратынын жеткізді», – деп хабарлады Ақорда.
Президенттің айтуынша, әзірлік жұмыстары аясында сан қырлы ынтымақтастық тағы да пысықталды.
Ресей Үкіметінің төрағасы көрсетілген сый-құрмет үшін мемлекет басшысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтады.
Бұған дейін Тоқаев ХІV Қысқы паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.