Қысқы дөңгелекті жазғыға қашан ауыстыру керек – маман кеңесі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Жаз маусымына көлік дөңгелегін ауыстыру ережесі биыл өзгеріссіз қалды. Дөңгелек ауыстыру маусымы нақты күнтізбеге емес, ауа райына байланысты болмақ. Қазақстандағы Fit Service желісінің өкілдік басшысы Вячеслав Мишиннің айтуынша, орташа тәуліктік температура тұрақты түрде +5…+6 градустан жоғары болған кезде ғана дөңгелек ауыстырған дұрыс.

Оңтүстік: Алматы, Шымкент, Тараз

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көктем ерте келеді. Түркістан және Алматы облыстарында күндізгі температура жиі +10°C-тан асады.

Дөңгелек ауыстыру мерзімі: наурыздың соңы – сәуірдің басы.

Ескерту: Алматының тау бөктеріне және тауға жиі баратындар сәуірдің ортасына дейін күткен дұрыс, ол жақта жолдағы мұз ұзақ сақталады.

Батыс: Ақтау, Атырау, Ақтөбе

Жұмсақ климаттың арқасында бұл өңірлерде дөңгелекті елдің орталығына қарағанда ертерек ауыстыруға болады.

Мерзімі: сәуірдің бірінші – үшінші аптасы.

Ескерту: Ақтөбеде климат қатаң әрі континенттік болғандықтан, қауіпсіз кезең сәуірдің ортасына немесе соңына қарай басталады.

Орталық және Шығыс: Қарағанды, Семей, Өскемен

Бұл өңірлерде ауа райы құбылмалы, жылы күндер аяқ асты боранға ұласуы мүмкін. Сондықтан наурыз айында дөңгелек ауыстыру қауіпті.

Мерзімі: сәуірдің соңы – мамырдың басы.

Ескерту: ШҚО тас жолдарында жиі жүретіндерге мамыр мерекелеріне қарай жоспарлаған абзал.

Солтүстік: Астана, Қостанай, Павлодар, Петропавл

Ең суық өңірлер, мұнда тіпті сәуірдің ортасында да түнгі минустық көрсеткіш қалыпты жағдай.

Мерзімі: сәуірдің екінші жартысы – мамырдың ортасы.

Ескерту: түнгі сапарлар мен қала сыртындағы жүрістер болса, мамырдың ортасына дейін дөңгелекті ауыстыруға асықпаған жөн. Солтүстікте қайтадан үсік жүруі жиі кездеседі.

Не үшін асықпаған дұрыс – маман кеңесі

Вячеслав Мишиннің айтуынша, жазғы шиналар төмен температурада «қатайып», жолмен ілінісу қасиетін жоғалтады. Ал қысқы шиналар керісінше, жылы кезде жұмсарып, тез тозады.

«Дөңгелекті тым ерте ауыстыру тежелу қашықтығын ұзартады және таңертеңгі көктайғақта жол-көлік оқиғасы қаупін арттырады», – дейді маман.

Осыған дейін мамандар көлікті көктемге қалай дайындау керектігі жөнінде маңызды кеңестер ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз