Тимур Турлов Air Cargo әуе компаниясының бақылау пакетін иеленбек

KTZ Express компаниясы (ҚТЖ-ға тиесілі) жақында ғана құрылған KZT Air Cargo әуе жүк тасымалы компаниясының жаңа акцияларын сатып алудағы басым құқығынан бас тартты. Оның орнына бұл акцияларды кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі Turlov Private Holding Ltd. жеке компаниясы сатып алмақ. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийінде жазылған.
Инвестиция көлемі қанша?
Қолда бар ресми мәліметтерге сүйенсек, мәміле қосымша акция шығару арқылы жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, 104 дана жай акцияның әрқайсысы 1,96 млн теңгеден, жалпы сомасы 204,4 млн теңгеге бағаланып отыр.
Егер бұл жоспар толық іске асса, компаниядағы бақылау пакеті (50,98%) Турловтың құрылымдарына өтіп, ҚТЖ-ның үлесі 49,02%-ды құрауы ықтимал.
Мәміле көлемі компания активтерінің баланстық құнының 50%-ынан асатындықтан, ол «ірі мәміле» ретінде жіктеледі.
Мәміле қашан толық аяқталады?
Дегенмен, бұған дейін Тимур Турловтың баспасөз қызметі мәміленің әлі соңғы нүктесі қойылмағанын атап өткен.
Қазіргі уақытта тараптар арасында тек «term sheet», яғни серіктестіктің базалық шарттары көрсетілген құжат бекітілген.
Бұл – тікелей акцияларды сатып алу емес, жарғылық капиталға тең инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылып жатқан кезең. Қазіргі уақытта мәміле «Самұрық-Қазына» қорының ішкі мақұлдау процедураларынан және мемлекеттік органдардың келісімін алып жатыр.
Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев елде әлі де жүк тасымалдайтын әуе компаниясының құрылмағанын «кешірілмейтін қателік» деп айтқан. Компанияны құру міндеті жүктелген ҚТЖ-ның қызметін сынға алып, қолынан келмесе жеке құрылымдарға өткізсін деген болатын.
Сонымен қатар Kusto Group негізін қалаушының бірі, миллионер Қанат Көпбаев та жүк тасымалдайтын әуе компаниясын ашуға ниетті.