Қазақстандықтар ауруханада жатқан жақындарының жағдайын онлайн бақылай алады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Қазақстандықтар арнайы онлайн-сервис арқылы енді ауруханадағы жақындарының жағдайы туралы ақпарат ала алады. Бұл жүйе арқылы науқастың бөлімше, жансақтау бөлімінде, ота залында екенін немесе басқа бөлімшеге ауыстырылғаны жөнінде ақпараттарды біле алады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.

Қазір жаңа цифрлық сервис бірнеше өңірде пилоттық режим ретінде енгізілген.

«Пилоттық жобаны кейбір өңірлердегі медициналық ұйымдар базасында жүзеге асыру жоспарлануда (Астана мен Алматы облысының әкімдіктері пилоттық жобада қатысуға дайын екенін білдірді) және нәтижелері бағаланып, кейін республикалық деңгейде кеңейтіледі», − делінген ресми жауапта.

Жаңа сервис науқастың туыстарына негізгі ақпаратты жедел білуге мүмкіндік береді. Онда адамның ауруханада қай бөлімде екені көрсетіледі. Туыстары жақындарының қандай бөлімде ем алып жатқанын көріп отыра алады.

Жоба әзірлеушілері пайдаланушыларды мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тану механизмін енгізуді жоспарлап отыр. Туыстық дәрежесіне байланысты сервис науқас туралы әртүрлі көлемдегі мәліметтерді береді. Сұраныстар медициналық ақпараттық жүйелерде тіркеледі.

Сонымен қатар үкімет ауруханадағы науқастардың туыстарымен дәрігерлердің қарым-қатынасын реттейтін бірыңғай регламент әзірлеуді көздеп отыр. Жаңа цифрлық құрал медицина қызметкеріне түсетін жүктемені азайтып, медициналық құпия талаптарын бұзбауға тиіс.

Үкімет басшысының айтуынша, осыған ұқсас қызметтің бір бөлігі Damumed мобильді қосымшасында қолжетімді. Дегенмен бұл үшін емдеуші дәрігердің бастамасы қажет.

Еске салайық, елімізде медициналық қызметтерді QR-код арқылы бақылау үшін Qalqan экожүйесі енгізіледі. Үкіметтің хабарлауынша, Qalqan цифрлық экожүйесін енгізу медициналық қызметтерді растау процесіне науқастарды тартуға және жалған тіркеулерді жоюға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз