Алматыдағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Алматыдағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды / Фото: Polisia.kz

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған атышулы жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша бірден бірнеше қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Бұған дейін жол апаты фактісі бойынша тергеу басталған болатын. ZEEKR автокөлігінің күдікті жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынды. Жол апаты кезінде оның жеңіл дәрежедегі мас күйде болғаны анықталды.

ІІМ министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасы бойынша қызметтік тексеру де жүргізілуде. Оның объективтілігін қамтамасыз ету үшін Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары қызметкерлермен бірге жіберілді.

Мемлекеттік нөмір белгілерін заңсыз беру мүмкіндігі туралы уәждер бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушіге қатысты әрекетсіздігі фактісі бойынша тергеу басталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Қызметтік тексеру аясында да, қылмыстық істер аясында да барлық мән-жайлар, соның ішінде медиакеңістікте таратылып жатқан ақпарат егжей-тегжейлі тексерілетін болады», – деп атап өтті Алекешев.

ІІМ анықталған заң бұзушылықтар қорытындысы бойынша кадрлық шешімдер қабылданып қойғанын хабарлады. Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жетекшілік ететін орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

«Егер заң бұзушылықтар расталса, барлығы – тікелей қатысушылар да, әрекеті немесе әрекетсіздігі болған оқиғаға әсер етуі немесе оны жасыруға ықпал етуі мүмкін лауазымды тұлғалар да жауапкершілікке тартылады», – деп атап өтті ол.

Ведомство сонымен қатар азаматтар мен БАҚ-ты жалған мәліметтер таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске сала отырып, тексерілмеген ақпарат пен асығыс тұжырымдар таратудан тартынуға шақырды.

«Заң мәртебесіне, лауазымына және тамыр-таныстығына қарамастан барлығына ортақ», – деп қосты Алекешев.

Алматыдағы әл-Фараби бойындағы ЖКО

21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкеп соққан ЖКО болды. Батыс бағытта келе жатқан Zeekr электромобилі жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы келе жатқан Mercedes-пен соғысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыздар қаза тапты. Олардың барлығы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалды, ол түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. ЖКО фактісі бойынша 345-баптың 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз