Қайрат Сатыбалды қайтарған «Байсат» базары төртінші рет саудаға қойылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Рынок «Байсат»
Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған базар бұған дейін үш мәрте сатылмай қалған / yandex.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматы қаласында орналасқан «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы осымен төртінші мәрте электронды аукционда саудаланады. Базарды Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (KUVA) 28,6 млрд теңгеге сатады.

Базар өтпей тұр

Sauda.e-qazyna.kz порталында жарияланған лотта «Байсат» базарының аукциондағы бастапқы бағасы 28 млрд 639 млн 882 мың теңге деп көрсетілген. Ал тендерге қатысу үшін 2,8 млрд теңге кепілдік жарна төлеу қажет болады.

«Байсат» мегаполистің Солтүстік айналма көшесі бойындағы әмбебап базарда – «Адем» және «Ялян» сауда орталықтарының ортасында орналасқан.

Аукцион 2026 жылғы 8 сәуірде сағат 10:00-де басталады. Тендерге өтініш қабылдау содан бес минут бұрын – 09:55-те аяқталады.

Сәтсіз аукциондар

Базар осымен төртінші, ал биылдыққа екінші мәрте саудаланғалы жатыр. Естеріңізге сала кетейік, сауда орталығы 2026 жылғы 5 ақпанда аукционға шығарылған, алайда тендер ешқандай өтініш түспеуіне байланысты өтпей қалған. Айта кетейік, сол кезде базар 24,77 млрд теңгеге, яғни бастапты құнынан шамамен 4 млрд теңгеге төмен бағамен ұсынылған.

«Байсат» 2025 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айларында сатуға шығарылып, екі мәрте өтпей қалған.

Сатыбалды қайтарған актив

«Байсат» мемлекет меншігіне – KUVA иелігіне осыдан шамамен екі жыл бұрын өткен. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды оны 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке «ерікті түрде» қайтарған.

1,4 гектар жердегі үш нысаннан тұратын мүлікке Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтан иелік еткен.

Айта кетейік, Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza сауда және кеңсе орталығын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр. Ғимарат Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан. Электронды сауда 2026 жылғы 7 сәуірде өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз