2026 жылдан мемлекеттік қызметтерді AlemGPT арқылы алуға болады

2026 жылдан бастап мемлекеттік қызметтерді AI-агент – AlemGPT арқылы алуға болады. Жаңа сервис биыл іске қосылады. Бұл туралы Digital Qazaqstan форумында Жасанды интеллект және цирфлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Вице-министр ЖИ-агентті өздері жасаған флагман шешімдердің бірі деп атады. Ол арқылы қазақстандықтар түрлі мемлекеттік қызметті ала алады. Сонымен қатар агентке дыбыстық хабарлама жіберуге болады.
«Мәселен балаңызды басқа мектепке ауыстыру керек болса, AlemGPT көмекке келе алады. Өз таңдауыңызға сай келетін мектептерді іріктеп береді. Жеке деректеріңізді көрсете отырып, цифрлық қолтаңбамен қол қойып, балаңызды еш кедергісіз басқа мектепке ауыстарсыз. Бұл сервис мемлекеттік қызмет көрсетудегі адами фактордың алдын алады. Оны биыл іске қосамыз», – деді ол.
Сонымен қатар вице-министр e-gov, e-notary, «әлеуметтік әмиян» жобаларын да цифровизацияның салмақты жобалары ретінде атап өтті. Оның айтуынша eGov Mobile қосымшасындағы жасанды интеллект кеңесшісі 730 мың адамға мемлекеттік қызмет бойынша қазақ және орыс тілдерінде көмек көрсеткен.
Сонымен қатар, онлайн-нотариус қызметі арқылы бейнежазба режимінде 19 мыңға жуық мәміле жасалып, еліміздің 38 клиникасында «ЖИ-терапевт» жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр
Жалпы алғанда, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс аясында қызметтің 45-тен астам түрі проактивті форматқа көшіріліп, осы бағытта азаматтарға 8,7 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Бұған дейін Берік Нұрымбетов Digital Qazaqstan форумында Alaqan сервисін 1 млн адам қолданып, 4 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге ықпал еткенін айтқан.