Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қабылданды

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды.
Мәжілісмендер мен сенаторлар бүгін аталған заңды қарау үшін тағы бірлескен жиында бас қосты.
Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, екінші оқылымға дайындау барысында бірлескен комиссия Парламент депутаттары мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарап, жан-жақты талқылаған. Депутаттардың түзетулері бойынша заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкес келтіріліп, құжаттың атауы енді «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» ҚР Конституциялық Заңы болып өзгертілген.
Заң Алатау қаласының даму перспективасын ескере отырып, арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелерін қала маңындағы аймақта да қолдану мүмкіндігін нақтылайды.
Заң аясында «бизнес-лицензия», «салық преференциясы», «реттеуші рұқсат» сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл кәсіпкерлік жүргізу шарттарын нақтылап, инвесторлар үшін түсінікті ережелер қалыптастыруға бағытталған.
Бұл ретте бизнес-лицензия резиденттерге Алатау қаласының аумағында қызметін жүзеге асыру құқығын бере отырып, осындай қызметті жүзеге асырудың түрлері мен шарттарын айқындайды. Инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақты болуы үшін «қаржылық орнықтылық» және ашықтық қағидаттары күшейтілді.
Бизнеске кепілдік күшейді
Жаңа заңда инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау басты назарға алынған.
Енді бизнеске қатысты тексеруді тек Бас прокуратура органдары ғана жүргізе алады. Бұл іскерлік ортадағы қысымды азайтып, тұрақтылықты арттыруға тиіс.
Айта кетейік, Парламент Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы құжатты бірінші оқылымда 20 наурызда мақұлдаған еді. Қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді премьер‑министр басқаратын Кеңес айқындайды. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Ал салық жеңілдіктері тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.