Шенеуніктердің соты блогерлердің сотындай неге ашық өтпейді – депутат жауабы

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Дастан Шанай

Жақында блогер Жанабыловтарға қатысты сот басталды. Қорғаушы тарап процесті жабық өткізуді сұрағанымен, мемлекеттік айыптаушы ашық форматта өтетінін мәлімдеді. Осыған байланысты Kursiv.Media тілшісі Мәжіліс депутаты Абзал Құспаннан неге ірі жемқорлық істері ашық өтпей, көбінесе жабық өтетінін сұрады.

Оның айтуынша, мұндай істер негізінен ашық қаралады. Заңда жабық соттың нақты тізімі бар – оған зорлау, жеке мәліметтер әшкереленуі мүмкін жағдайлар жатады.

«Жабық жағдайда өтетін істердің нақты тізімі бар. Бұл – зорлау қылмыстары немесе біреудің жеке, құпия мәліметтері жария болуы мүмкін жағдайлар. Мысалы, бала асырап алу істері. Ал қалған жағдайда сот отырысы ашық өтуі тиіс», – деді Құспан.

Депутаттың сөзінше, ірі шенеуніктерге қатысты істер де көбіне ашық қаралады. Ол өзі қатысқан процестердің бірде-бірі жабық өтпегенін айтты.

«Мен қатысқандардың ешқайсысы жабық өткен жоқ. Үлкен-үлкен шенеуніктер ісіне қатыстық. Мәселен, Ислам Әбішов ісі кеңінен жарияланды. Барлығы ашық өтті. Көп жағдайда қаржы жымқыру істеріне журналистердің қызығушылығы төмен. Себебі онда сараптамалар көп, цифрлар көп, процестер ұзаққа созылады», – деді ол.

Құспан Жанабыловтар ісіне қатысты процес жабық қаралуына негіз жоқ екенін атап өтті.

Айта кетейік, Жанабыловтар қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабында (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз