БЖБ және ТЖБ жүйесін алып тастай алмаймыз – Аймағамбетов

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Ел мектептерінде БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) және ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) жүйесі қайта қаралуы мүмкін екенін бұған дейін Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтқан еді. Бұл жөнінде не ойлайтынын Kursiv.Media тілшісі депутат Асхат Аймағамбетовтен сұрады.

Аймағамбетов Үкімет кулуарында ол ақпаратты естімегенін айтты. Сөзінше, БЖБ, ТЖБ – балалардың білімін бағалау жүйесі.

«Біз балалардың білімін тексеру жүйесін алып тастай алмаймыз. Мүмкін, өзгертуі мүмкін. Дегенмен, оны толығымен алып тастау қазіргі уақытта мүмкін емес деп ойлаймын. Ол үшін жалпы жаңартылған білім беру бойынша бағдарламаның барлығын алып тастау керек. Тым үлкен өзгеріс жасау керек. Ол өзгерістерге дайын ба, жоқ па күмәнім бар», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, бақылау жұмыстары – баланың білімін тексеру үшін өте маңызды құрал. Мәселе критериалды бағалауда. Сұрақ туындайтын мәселе мынада: бұрын оқушылар сыныпқа келгенде «Балтабай саған 4, Серік саған 5» деп баға қоятын. Бірақ неге бес, неге төрт екеніне нақты критерийлер болмаған. Қазір әр тақырып бойынша нені түсіну керек деген дескрипторлар бар. Сол дескрипторларға сәйкес болуы керек.

««Балтабай, сен мына бүгін 5 мақсаттың үшеуін игердің, енді осы екеуін игеруің керек деп. Міне, критериалдық бағалау деген осы. Проблема неде? Проблема осы критериалды бағалау жүйесінің тиімді іске аспауында. Өйткені ол мұғалімдерден көбірек уақыт талап етеді. Ол жай ғана 5 не 4 деп баға қоя алмайсың. Оны ата-ана да білу керек. Жаңа жүйеде мұғалім, ата-ана мен бала 4 пен 5 қалай қойылғанын білуі керек. БЖБ, ТЖБ жұмыстарын мұғалім өз таңдауы бойынша диктант, эссе-шығарма арқылы, математикалық бақылау жұмыстары арқылы жүргізе алады. Ол – мұғалімнің өзінің таңдауы. 20 жыл бұрын мұғалімде қандай бағалау мүмкіндіктері болды, дәл қазір де сондай мүмкіндіктері бар. Олар тек қана кеңейді. Сондықтан бұл БЖБ, ТЖБ бағалау жүйесін зерттеп алу керек», – дейді ол.

Аймағамбетовке «Мұғалімдер арасында қазіргі бағалау жүйесі бойынша диктант жазғызуға болмайды деген түсінік бар. Ол туралы не дейсіз?» деп сұрақ қойылды.

Депутат мұғалімдер бағалау форматын өздері таңдай алатынын еске салды. Сондай-ақ ол мәселе жүйенің өзінде емес, оны іске асыруда екенін айтты.

«Бізде 125-ші бұйрық бар. Ол – бағалау туралы нақты ереже. Сол ережеде нақты жазылған. Мұғалім өзі таңдау жасайды. Егер ол лабороториялық жұмыс болса, лабороториялық жұмысты, егер ол бақылау жұмысы десе, бақылау жұмысын, егер диктант жазғызам десе диктант жазғызуына болады. Критериалды бағалау жүйесінің мән-мағынасы тереңірек. Оны, өкінішке қарай, мектептерде кейбір азаматтар керек деңгейде тиімді іске асырмай жатқан проблемасы бар. Менің ойымша, бұл – дұрыс заманауи жүйе. Мәселе оның іске асқан кездегі кейбір әттегенайларында», – дейді Аймағамбетов.

Айта кетейік, бұған дейін енді педагогтерді аттестаттау кезінде авторлық бағдарламаларды міндетті түрде әзірлеу талабы алынып тасталатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз