Қостанай облысындағы гимназияда табылған туберкулез балаларға жұқпаған

Қостанай облысында Меңдіқара ауданы орталығындағы гимназияда туберкулез ошағы пайда болғаны белгілі болды.
«НГ» басылымының хабарлауынша, осыған қатысты бірқатар шара қабылданған.
Наурыз айының алғашқы онкүндігінде Боровское ауылындағы Ғаббас Жұмабаев атындағы гимназия асханасына жұмысқа алынған әйелден туберкулез анықталған. Соған орай оқу орны қашықтан оқытуға жабылғанын хабарлаған еді.
«Мектеп асханасын жалға алушы – «Юнин А.Ю.» ЖК міндетті профилактикалық медициналық тексеруден өтпеген қызметкерді жұмысқа жіберген. Осы заңбұзушылыққа байланысты Меңдіқара аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мектеп асханасында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша «Юнин А.Ю.» ЖК Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды», – делінген облыс прокурорының орынбасары Омар Сүтбаев қол қойған құжатта.
Меңдіқара ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Гүлдана Ахметованың мәліметінше, 5-6 наурыз күндері білім беру мекемесінің 94 қызметкері міндетті медициналық тексеруден өткен. 10–15 наурыз аралығында 315 оқушыға туберкулиндік диагностика жүргізіліп, 16 наурызда медицина қызметкерлері нәтижелерін тексерген. Қорытындысында оқушылар мен мұғалімдерден туберкулез белгілері анықталмаған.
Қазіргі уақытта гимназия штаттық режимде жұмыс істеп, оқу процесі қалыпты жағдайда жалғасып жатыр.
Мұның алдында Сарқан қаласында мектеп қызметкерінен ашық түрдегі туберкулез анықталған еді.