Ирандағы соғыс жазға дейін созылса, мұнай 200 долларға дейін қымбаттайды

Ирандағы соғыс маусым айына дейін созылып, Ормұз бұғазы ашылмаса, мұнайдың бір баррелінің бағасы 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Macquarie Group Ltd. мәліметін Bloomberg жариялады.
Мұнайдың тарихи межесі
Сарапшылар жанжал екінші тоқсанға дейін тыйылмаса, қара алтын құны рекордтық межеге дейін көтерілуі әбден мүмкін деп есептейді. Олар болжамның жүзеге асу мүмкіндігін 40%-ға балап отыр. Соғыс наурыздың аяғында аяқталады деген балама болжам да бар.
Бұл уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп Иран электр станцияларын соққылауды тағы 10 күнге, яғни 7 сәуірге дейін тоқтатты.
«Иран үкіметінің өтінішінен соң, мен электр станцияларына жойқын соққы жасауды 10 күнге тоқтатқанымды мәлімдеймін», – деп жазды Ақ үй қожайыны өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамптың мәлімдеуінше, Иранмен арадағы келіссөз «жақсы» өтіп жатыр.
Ормұз бұғазы ашылмаса…
Соған қарамастан, Brent маркалы мұнай наурыз айында рекордтық өсім көрсететін сыңайлы. Өйткені АҚШ, Израиль және Иран арасындағы соғыс мұнайға бай Таяу Шығысты шайқап жіберді. Жанжал барысында Тегеран Ормұз бұғазын жауып тастады. Мұндай шектеу әлем экономикасының дамуына кері әсер етіп жатыр.
«Егер бұғаз ұзақ уақыт жабық тұрса, баға шарықтау шыңына жетеді», – делінген сарапшылардың 27 наурыздағы есебінде.
27 наурызда әлем нарығында Brent маркалы мұнай шамамен 110 доллардан саудаланып жатыр. Жұма күні мұнай бағасы шамамен 2%-ға көтерілді. Таяу Шыңғыстағы дағдарыс тереңдеген тұста қара алтын құны 119,5 долларға дейін жеткен.
Bloomberg мәліметінше, Brent маркалы мұнай қатты қымбаттаған 2008 жылы оның бір баррелі 147,5 долларға дейін көтерілген.