Тимур Турлов: Ашық жұмыс істейтін компанияға капитал тарту жеңіл

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Тимур Турлов жеке компаниялар ашық жұмыс істеген кезде капитал тарта алатынын айтады / Фото: instagram.com/timurturlov, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Компанияға капитал бизнесті ашық жүргізген кезде ғана құйылады. Бұл туралы Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов Шымкентте өткен Digital Qazaqstan форумында айтты.

Панельдік сессия барысында Турловқа «өңірдегі компаниялар қомақты инвестиция тартуы үшін не істеуі керек» деген сауал қойылды. Осы сауалға жауап бере отырып Турлов компания қай жерде тіркелмесін, ашық жұмыс істесе ғана, ісі өрге басатынын айтты.

«Бұл көптеген инвестициялық банкирлердің сүйікті сұрағы. Астанадағы бизнес өкілдері секілді капитал тарту үшін, бизнесті де дәл солай жүргізу қажет. Бұл оңай шаруа емес. Сен бизнесіңді ашық жүргізген кезде ғана, қомақты капиталға жол ашылады: салықтан жалтармай, ашық төлеген кезде. Тапқан табысыныңды қитұрқы жолмен емес, акционерлер арасында теңдей бөліп, дивиденд арқылы алған кезде. Осының бәрін қадағалайтын сапалы аудиторларың мен директорлар кеңесі болған кезде. Олар акционерлермен келісілмеген қандай да бір «тірлік» істеуіңе жол бермеуі керек», – дейді Турлов.

Осы талаптардың сақталуы екінші деңгейлі банктер мен инвестициялық компаниялардың қаржысына облигация орналастырып қаражат тартуға жол ашады.

«Әрине, мұндай идеал жағдайға толық қол жеткізу оңай емес. Десе де, қаржы есебің дұрыс, жұмыс істеу тәсілің ашық болса, елмен байланыс орнату жеңілдей түседі. Бұл жерде мәселе – ақшаны қалай алып қайту емес, сол қаржыны алуға дайын болу. Бұл – бизнестегі қалыптасқан белгілі бір мәдениет», – деп тұжырымдады Турлов.

Бұл ретте Турлов ашық жұмыс істеу компанияларға оңай емес екенін де айтып өтті. Өйткені ашық жұмыс істейтін компанияның төлейтін салығы да көп, шығыны да артады.

Алайда бұл шығын ашықтық есебінен тартылған капитал, жаңа ірі тапсырыс пен құйылған қаржы есебінен жабыла бастайды. Соның есебінен компания да өсе түседі. Инвестордың ақшасына жауапкершілік алу үшін де компания ірі болуы керек.

Форум барысында Цифорлық даму министрі Жаслан Мәдиев ЖИ-технологияларды шетелден сатып алмай, өзіміз жасайтын кез жеткенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз