Әскерге барғысы келетіндер енді онлайн өтініш бере алады

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке енді онлайн өтініш беруге болады. Қорғаныс министрлігі мүмкіндік myarmy.kz платформасы арқылы іске қосылғанын хабарлады.
Жаңа жүйе SARBAZ+ жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Үміткер сайтқа кіріп, шарттармен танысып, өтінімді толтырады. Одан кейін процес автоматты түрде жүреді: тексеріс, медициналық комиссия, сұхбат және соңғы шешім.
«Алдымен қабылданған өтінім мұқият тексеріледі. Содан соң әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өту үшін шақыру келеді. Кейін әскери бөлім өкілдерімен әңгімелесу өткізіледі. Соның нәтижесінде үміткерді қабылдау немесе бас тарту туралы шешім шығарылады. Барлық кезең түсінікті әрі ашық, ал қажетті құжаттар тізімі сайтта көрсетілген», – делінген министрлік хабарламасында.
SARBAZ+: әскерде IT мен дрон үйретеді
Жоба аясында сарбаздар әскери дайындықтан өтіп қана қоймай, заманауи дағдыларды меңгереді.
«Rtel оқу сыныптарында әскери қызметшілер радиобайланысты меңгеріп, Ashik Aspan бағдарламасы арқылы дрондарды басқаруды үйренеді. Бұдан бөлек Eltex заманауи технологиялық жүйелерімен жұмыс істеуге бейімделеді. Сонымен бірге олар киберқауіпсіздік және деректерді қорғау негіздерін оқиды, жасанды интеллект элементтерімен танысып, цифрлық платформалар арқылы ағылшын тілін жетілдіреді», – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, аталған жобаға қызығушылық жоғары. Қазірдің өзінде 268 өтінім түсіп, оның 90-ға жуығы іріктелген. Бір орынға шамамен үш адамнан келеді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жарлыққа қол қойған еді.