Алакөл жағалауына 115 бейнекамера орнатылады: жол картасы бекітілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алакөл көлі
Алакөлді дамытудың жол картасы бекітілді / фото: shutterstock

27 наурызда Алакөл жағалауы жөнінде арнайы жиын өтіп, туристік мекенді дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Абай облысының әкімі Берік Уәлидің мәлімдеуінше, мәселені президент бақылап отыр.

Жолдар жөнделеді

Өңір әкімдігінің мәліметінше, құжат Алакөлдің туристік әлеуетін арттыруды, жағалау инфрақұрылымын дамытуды көздейді.

Атап айтқанда, электр желілері тартылып, су және кәріз жүйелері салынады. Тазарту қондырғылары орнатылып, жағалау нығайтылады. Сонымен қатар санитарлық тораптар қойылып, жарық тартылады.

«Биыл көл жағалауына жасанды интеллектімен интеграцияланған 115 бейнекамера орнатылады. Оның 22-сі жағалау сызығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қойылады», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған қоса, барлық нысандар жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылып, талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады.

Алакөлді дамыту жөніндегі жиналыс
фото: shutterstock

Президент бақылап отыр

Сонымен бірге жолдар жөнделіп, қоғамдық көлік қозғалысы ұйымдастырылады. Туризмді дамыту аясында келу орталығын салу, инвесторлар тарту және мәдени-туристік іс-шаралар өткізу көзделген.

«Бұл мәселені мемлекет басшысы да, үкімет те ерекше бақылауында ұстап отыр», – деп мәлімдеді Берік Уәли.

Облыс әкімінің айтуынша, негізгі мақсат – жазғы туристік маусымды жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін сапалы жаңа деңгейге көтеру.

Уәли шомылу маусымына небары екі ай қалғанын атап өтті. Өңір басшысы тиісті басқарма мен Мақаншы ауданының әкіміне инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын нақты жоспармен жедел іске асыруды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы жазда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл туристерді қабылдауға дайын емес деп сынаған.

Сондай-ақ оқыңыз