Алматыда үздік математик-мұғалімдер анықталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото:

Алматы қаласында жас математиктер арасында республикалық олимпиада өтті. Білім бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам педагог қатысуға өтінім беріп, соның ішінен 20 мұғалім үздік деп танылды. Жеңімпаздарға дипломдар мен жалпы сомасы 2 000 000 теңге құрайтын қаржылай сыйлықтар табысталды.

Олимпиаданың 1-орын иегері, маңғыстаулық мұғалім Бауыржан Кубеев жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Есептер өте қызық әрі күрделі болды. Әсіресе, мұғалімдердің академиялық адалдықты сақтауына үлкен мән берілді. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың қолынан марапат алу – мен үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Тағы бір жеңімпаз Асылан Мақұлбек мұндай додалардың логикалық ойлау мен шығармашылық қабілетті шыңдаудағы маңызы зор екенін айтты.

Ұйымдастырушы, «Beta High School» мектебінің директоры Бақнұр Зиябеков олимпиаданы академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орайластырған. Оның айтуынша, ұлт тұлғаларының тойын білім додасымен атап өту – өскелең буын үшін жақсы үлгі.

«Біз бұл үрдіске өзгеріс енгізіп, ас беріп, ат шаптырудың орнына олимпиада өткізуді жөн көрдік. Өйткені, халықаралық PISA рейтингі бойынша біздің ел білімді өмірде қолданудан 80-орында тұр. Бұл – балаларымыздың теорияны білгенімен, оны іс жүзінде қолдана алмайтынын, яғни математикалық сауаттылықтың төмендігін көрсетеді», – деді Б. Зиябеков.

Бұл бастама математика пәнін оқытудың қолданбалы деңгейін көтеріп қана қоймай, ұстаз мамандығының беделін арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар олимпиаданы алдағы күзде де жалғастыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз