Қазақстанда гигиена мен тұрмыстық химия тауарларына жұмсалатын шығын 3,4 есе өсті

Қазақстанда жеке гигиенаға арналған тауарларға жұмсалатын шығындар соңғы 10 жылда адам басына 26 мың теңгеге жетті. Бұл туралы Energyprom.kz. деректерінде айтылған.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар орта есеппен жеке гигиенаға адам басына 26 мың теңге жұмсаған. Салыстыру үшін: 2015 жылы бұл сома тек 7,6 мың теңге болған. Өсім 3,4 есе«, – делінген хабарламада.
Тіпті соңғы жылда да шығындар тағы 7,5%-ға өсті. Жалпы шығынның үлесі өзгермесе де, азық-түлікке жатпайтын шығындардың ішінде гигиенаға кететін қаражат өсіп келеді. Демек, адамдар барған сайын кірістерінің көп бөлігін осы шығындарға жұмсап жатыр.
Қай өңірлерде көп және аз жұмсалады
Жеке гигиенаға ең көп шығын жұмсалатын өңірлер:
- Алматы – адам басына 34,7 мың теңге
- Шымкент – 34,5 мың теңге
- Қарағанды облысы – 33,6 мың теңге
Ең аз шығын жасалатын өңірлер:
- Түркістан облысы – 16,7 мың теңге
- Абай облысы – 18,5 мың теңге
- Қызылорда облысы – 18,7 мың теңге
Өңірлер арасындағы айырмашылық шамамен екі есеге жетеді.
Бағаның өсуі әлі жалғасуда. 2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша жеке гигиенаға арналған тауарлар жыл ішінде 12,6%-ға қымбаттады. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда айтарлықтай жоғары.
Негізгі себеп – импортқа тәуелділік. Нарықтағы өнімдердің көп бөлігі шетелдік, сондықтан валюталық ауытқулар мен логистикадағы кез келген өзгеріс бағаның өсуіне бірден әсер етеді.
Ең қатты қымбаттаған заттар
Ең үлкен баға өсімі импортқа тәуелді тауарлар категориясына тиесілі:
- Шаш алу станоктары – +26,9%
- Шашқа арналған бояулар – +19,5%
- Бетке арналған кремдер – +15,9%
Ал Қазақстанда жасалатын тауарларда баға сәл ғана өскен. Мысалы, дәретхана қағазы шамамен 10%-ға қымбаттаса, жаялықтар мен гигиеналық төсемдер 9%-дан аз өскен.