«Сөзге келіп қалдық»: Жолшыбеков сотта Жанабыловтармен арасы суығанын айтты

Астанада ерлі-зайыпты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың сотына куә ретінде Дархан Жолшыбеков жауап берді. Сөзінше, бір кездері Жанабыловтармен жанжалдасып қалған.
«2025 жылдың 29 наурызында сіз бен Жанабыловтың арасында бір жанжал болды. Сіз оны тіпті әлеуметтік желідегі парақшаңызда жаздыңыз. Соны еске түсіріңізші. Жанжал болды ма?», деп сұрады адвокат Гаухар Айтжанова блогерден.
Дархан Жолшыбеков «Иә, болды. Сөзге келіп қалдық» деді. Адам болған соң келіспеушілік болып тұратынын айтты.
«Сіз Жанабыловқа лотерея үшін жауапқа тартылғаныңызды айтқансыз, ол әңгіме қашан болды?», – деп сұрады адвокат Айтжанова. Жолшыбеков ол жайлы нақты қай күні әңгімелескенін есіне түсіре алмады.
Жолшыбековке тергеуші Әшірова тергеуде «Лицензиясыз лотерея өткізуге болмайтынын Жанабыловтар білді ме?» деп сұрақ қойған. Жолшыбеков «меніңше, білген» деп жауап берген. Адвокат сотта «сіз нақты білдіңіз бе?» деп қайтара сұрақ қойды.
«Ол кезде біршама блогерді жауапқа тартып жатты. Сол кезде субъективті пікірімді айттым. Қазір де «меніңше, білген» деп жауап беремін. Қазір де сол пікірдемін», – деді Жолшыбеков.
Даудың басы
2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде бұл сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.
Содан кейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданғанын мәлімдеді.
Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс 2025 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Содан кейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.
Қылмыстық іс
Қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.
«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.
Айыптау актісіне сәйкес, Жанабыловтың әрекеттері тұтынушыларды әдейі жаңылыстырған. Ол автокөлік ұтып алу мүмкіндігі туралы ақпарат таратқан, алайда тараптар арасындағы шарттық қатынастар тек онлайн-курстарды сатуды ғана қарастырған. Жүлде ұтысын ұйымдастыру Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшалар арқылы жүргізілген, ал ресми корпоративтік сайт немесе заңды тұлғаның аккаунты пайдаланылмаған.