Сот ЛГБТ туралы сөздері үшін депутат Жаңбыршинді ақтады

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Жанбыршин
Сот ЛГБТ туралы сөздері үшін депутат Жаңбыршинді ақтады / Фото: Асқар Ахметуллин. Бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Астананың ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге қарсы талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Талап қоюшы Виталий Шевченко мәжілісменді әлеуметтік желілерде ЛГБТ-қауымдастығына қатысты айтқан өткір мәлімдемелері үшін жауапқа тартпақ болған еді.

«Жауапкердің жарияланымдарында таратқан мәліметтерін балағаттаушы, талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін деп тану, сондай-ақ, жауапкерді өз парақшасында тиісті ақпаратты орналастыру арқылы көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеу туралы талап арызды қанағаттандырудан бас тартылсын», — деді судья Айгүл Аяпбергенова.

Аяпбергенова ҚР Азаматтық кодексінің 141-143 баптарына сәйкес, жауапкершілік тек тұжырым түріндегі шынайы емес мәліметтерді таратқаны үшін туындайтынын түсіндірді. Алайда Әділет министрлігі сот сараптамасы Жаңбыршиннің мәлімдемелері фактілер емес, «бағалау сипатындағы пікір» деген қорытындыға келді.

Судья сөздердің «балағаттаушы сипаты» туралы мәселе осы азаматтық процесс аясында шешілмейтінін, өйткені бұл басқа (әкімшілік немесе қылмыстық) іс жүргізудің нысаны екенін атап өтті.

Сонымен қатар, сот депутаттың этикалық нормаларды бұзуына қатысты оның атына жеке ұйғарым шығарудан бас тартты. Судьяның айтуынша, депутаттық этика немесе партия жарғысын сақтау мәселелерін талап қоюшы мен оның өкілі тиісті ұйымдарға тікелей жүгіну арқылы өз бетінше көтеруі тиіс.

Сот, сондай-ақ, талап қоюшыны сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеді. Өндіріп алу сомасы шамамен 131 мың теңгені құрады.

Сот талқылауына Жаңбыршиннің Facebook-те ЛГБТ құқықтарын қолдап пікір білдірген Шевченконың атына жазған комментарийі себеп болды.

Сондай-ақ оқыңыз