Мартөк ауданында жоғалған 8 жасар баланы тікұшақпен іздестіруде

Ақтөбе облысының Мартөк ауданында кәмелетке толмаған баланы іздеу бойынша ауқымды операция жүріп жатыр. 29 наурыз күні кешке полицияның кезекші бөліміне 2016 жылы туған баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бала суға құлап кетуі мүмкін деген болжам бар. Осыған байланысты іздестіру шаралары Елек өзенінің маңында шоғырландырылған.
Қазіргі уақытта іздеу жұмыстарына барлық қажетті ресурстар тартылды. Тікұшақ, жылу камерасымен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) және арнайы техникалар жұмылдырылды. Баланы полиция қызметкерлері, ТЖД құтқарушылары, соның ішінде арнайы сүңгуірлер тобы мен кинологтар іздестіруде.
Елек өзенінің жайылмасында катерлермен патрульдеу жүргізіліп, су түбі мен жағалау аймақтары мұқият тексерілуде.
Полиция департаменті өңірдегі барлық ата-аналарға үндеу тастап, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді, оларды су айдындары мен қауіпті аймақтардың маңында қараусыз қалдырмауды сұрайды.