Өнеркәсіпті дамыту қоры мемлекетке 46 млрд теңге дивиденд төлейді

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2025 жылы тапқан таза пайдасынан 5 мың теңгені ғана өз есебінде қалдырмақ. Ал табыстың негізгі бөлігі мемлекетке дивиденд ретінде аударылады. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған.
Қордың жалғыз акционерінің шешімімен 2025 жылдың қорытындысы бойынша таза кірісті бөлу және дивидендтер төлеу тәртібі бекітілген.
Соған сәйкес, былтырғы қызмет есебінен түскен 45 952 510 106 теңге көлеміндегі таза пайданың негізгі бөлігі, атап айтқанда 45 952 505 434,94 теңгесі дивиденд төлеуге бағытталды.
Бұл ретте бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері 34 998,34 теңге болып белгіленді. Бекітілген ережеге сәйкес, төлемдер акционердің банктік шотына аударылады.
Дивиденд төлеу мерзімі тиісті шешім қабылданған күннен бастап 90 күнтізбелік күннен аспауы тиіс, ал қалған 4 671,06 теңге сомасындағы қаражат ұйымның иелігінде қалады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг» АҚ негізінде құрылған.
Ол «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметіне өңдеуші кәсіпорындарға арзаннесие беру кіреді.