Үй мен көлік ойнатып, курс сатқан блогерлердің бизнесі ресми тіркелген бе

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
үй мен көлікті ұтысқа қойған блогерлер
фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Үй мен машина ойнатып, курс сатқан Жанәбіловтер ғана емес. Сотқа қатысқан Дархан Жолшыбеков 300 млн теңгеге үйін, ал Нұрбек Нұртаза көлік ойнатқан. Сол тәрізді қымбат бағалы сыйлықтар ойнатып, курсын немесе тауарын сатуға тырысқан блогерлер салық төлей ме? Бизнесі заңды тіркелген бе? Kursiv.Media соны анықтауға тырысты.

Дархан Жолшыбеков

Дархан Жолшыбековтің 3,1 млн оқырманы бар, әнші, блогер Daricorn-ның жолдасы. Парақшасында шетелге саяхаттағанын, әйеліне қымбат сыйлықтар бергенін жиі көрсетеді. Өзіне 150 млн теңгеге көлік, анасына 80 млн теңгеге пәтер алып бергенін де жариялаған видеолар бар. Қайырымдылық жасап, көпбалалы отбасына пәтер берген.

Ерлі-зайыптының «Қатты тәтті» атты кондитерлік дүкендері бар. Одан бөлек Дархан Қытайдан тауар алып, сатумен де айналысады.

Ашық деректерден Жолшыбеков Ақтілек атына тіркелген «ИП Жолшыбеков» атты жеке кәсіпкерлікті таптық, ол Дарханның туған бауыры. Кәсіпкерлік осыдан екі жыл бұрын ашылған, жол бойындағы нысандарға азық-түлік жеткізіледі деп көрсетілген. Бірақ ол уақыттан бері төлеген салық сомасы көрсетілмеген немесе салық төлемеген.

Екі жыл бұрын Дархан қытайлық платформалармен сауда жасауды үйрететін курсын сата бастады. Ынталандыру ретінде тау баурайындағы, құны 100 млн теңге тұратын үйін ойнатқан. Бірақ қызығы кейін парақшадан аталған контенттер өшірілген, үйді кім алғаны да белгісіз.

Ал былтыр наурызда Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлердің бірі үйін ұтысқа қойып, 1,5 млрд теңге табыс тапқанын, одан еш салық төленбегенін хабарлаған еді. Шамамен 50 мың адам оның курсын сатып алу үшін 30 мың теңгеден берген. Сол кезде көпшілік өзіне 300 млн теңгеге жаңа үй алған Дархан Жолшыбеков деп топшылаған еді.

Нұрбек Нұртаза (Just Kidding)

Отбасылық өмірі контенттің бір бөлшегіне айналған блогер атында ЖК да, ЖШС да бар. «JustKing» атты жеке кәсіпкерлігі жұмысын тоқтатқан. «Oilan Lab», «Nurbek Nurtaza» атты екі ЖШС жұмыс істеп тұр.

Былтыр Нұрбек Қытаймен сауда жасауды үйрететін курсын сатып, Алматыдан екі қабатты коттедж, ақшалай сыйлықтар мен смартфондар ойнатты. Курс құны 29 990 теңге. Кейін Лотерея мен ойын бизнесін реттеу комитеті оны заңсыз ұтыс деп тауып, айыппұл салған. Ұтыс «Oilan Lab» ЖШС арқылы өткізілген. Сол жылы ол бюджетке 13 млн теңге, биыл 7 млн теңге салық төлеген. Ал «Nurbek Nurtaza» ЖШС былтыр бюджетке тек 57 мың теңге салық құйған.

Лаура Лесбек

Өзін «ақылды блогер» ретінде таныстыратын Лаура Лесбек СММ курстарын сатады. Қазір ЖИ-мен жұмыс істеуді үйрететін курсына тіркеу жүріп жатыр, ұтысқа бағалы сыйлықтар да ойнатады. Лаура әр курсының сатылымын бастарда ерекше ақпараттық ілік пайдаланады. 2024 жылы курсын сатылымға шығарар алдында «Лаула» атты кино түсіріп, жұлдыздар шақырып, тұсаукесерін жасаған еді.

Лаура парақшасында отбасын, қымбат брендтен алған дүниелерін жиі көрсетеді. СММ курстары арқылы өмір сапасының артқанын да жасырмайды. Өзінің ютуб каналында подкаст жүргізеді, 277 мың оқырманы бар.

Ашық дерекке сүйенсек, қазір оның атына «LESBEK ZAPUSK ACADEMY» деген жеке кәсіпкерлік тіркелген. Төрт жыл бойы жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеп келеді. Төленген салық көрсетілмеген немесе салық төленбеген.

Қайша Керей

«Қазақтың қайсар Қайшасымын» деп сипаттаған кәсіпкер қытаймен сауданы үйретеді. Парақшасында жазылғандай, бизнесте жүргеніне 18 жыл болған. Негізінен Қытайдан тауар әкеліп, оны жергілікті кәсіпкерлерге сатады, табысы да сол жерден түседі. Бірақ жылына екі-үш рет «Айлықтан байлыққа» атты курсын сатылымға шығарады. Дәл қазір осы курсқа тіркеу жүріп жатыр, ал сатып алғандар арасында жаңа CHANGAN x5plus көлігін ойнатып жатыр.

«Айлықтан байлыққа» курсындағы спикерлер арасында мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та болған. Ал екі жыл бұрын аяқталуына орай өткізілген бітіру кешіне Динара Сатжан, Ләйлә Сұлтанқызы тәрізді жұлдыздарды шақырып, дүбірлі той өткізген.

Бірақ ол курсынан қанша табыс түсетіні және қаншалықты салық төлейтіні белгісіз. Adata-дан тексерсек Қайшаның атында «KK INTERNATIONAL GROUP» атты ЖШС тіркелген. Иесі ретінде Қайшаның жолдасы Қымбат Қуаныш көрсетілген. 2020 жылы тіркелген, сол уақыттан бері бюджетке 28 мың теңге ғана салық төлеген.

Айдай Серікова

Бір кездері 9000 теңгелік косметика үшін 250 млн теңгенің коттеджін сыйлай саламын деген контентімен инстаграмды «жарған» блогер. Айдай Серікованың инстаграмда 3,4 млн оқырманы бар. Былтыр жазда ол 250 млн теңге тұратын екі қабатты коттедж салып, оны оқырмандар арасында ойнатты. Оған қатысу үшін 9000 теңгеге Айдайдың косметика өнімдерін сатып алу керек болған. Нақты қанша адам қатысқаны белгісіз, бірақ кемінде коттедж құнын ақтау үшін ол кемінде 28 мың өнімін сатуы керек.

Ұтыс қорытындысы бойынша, үйді алты баласы бар Ардақ есімді әйел жеңіп алды. Ол парақшасында коттеджге көшіп барғанын, жаңа жыл қарсы алғаны жайлы видеолар салған. Содан кейін контент тоқтаған.

2024 жылы Айдай 80 млн теңгенің коттеджін ойнатты. Оған қатысу үшін 2000 теңгеге Айдайдың кремін сатып алу керек еді. Коттеджді Айнагүл Бакеева есімді қатысушы жеңіп алған. Парақшасына 80 млн теңгенің үйін ұтып алған жанұямыз деп жазған. Ол да 2025 жылдың қысынан кейін парақшасына контент салмаған.

Айдай Серікованың да, оның жолдасы Болатбек Бараковтың да атында тіркелген кәсіп жоқ. Бірақ 250 млн теңге тұратын коттеджді ойнатқан кезде төлемді «ИП ПАРТАЕВ» деген жеке кәсіпкер қабылдаған. Оның бағыты бөлшек сауда деп көрсетілген, ашылғанына 17 жыл болған. Бірақ сол уақыттан бері төленген салық түсімдер жоқ.

Байқағанымыздай, көп блогердің заңды тіркелген кәсібі бар. Көпшілігі курс немесе өзінің тауарын сатады. Бірақ оны сату кезінде өнімнің нақты пайдасын, құндылығын айтуға аса көп көңіл бөлмейді. Үй, көлік, айфон сияқты бағалы заттарды ұтысқа қойып, сол тәсіл арқылы көбірек сатылым жасауға тырысады. Заңды түрде, маркетинг үшін ұтыс жасауға рұқсат берілген. Бірақ кейде өнімді сату жай ғана себеп болуы мүмкін, оның артында нағыз үлкен лотерея ұйымдастырылады.

Қазір соты жүріп жатқан Жанәбіловтерді осы үшін айыптап отыр. Былтыр күзде оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Прокуатура оны заңсыз лотерея ұйымдастырып, одан 250 млн теңге пайда тапқан деп санайды. Сотқа блогер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза да шақырылған.



Сондай-ақ оқыңыз