Ғылым министрі Саясат Нұрбек қанша университетті лицензиясынан айырды

Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалғалы қанша университеттің лицензиясы алынғанын айтты.
Үкіметтегі брифингте БАҚ өкілі ведомство бұрын 500-ден астам сот отырысына қатысып, 15 жауапсыз университетті жапқанын еске салып, қазір бұл жұмыстың қаншалықты жалғасып жатқынын сұрады.
Министрлік Шымкенттегі университетпен соттасып жатыр…
Министр лицензиядан айыру процессін белсенді түрде жалғастырып жатқанын айтады. Қазірдің өзінде министрлік бір университетпен соттасып жатыр.
«Ол процесс жалғасты. Мысалы, былтыр Ақтөбеде «Қазақстан-Ресей» халықаралық университеті толығымен жабылды. Шусыз өтті. Акционерлермен келісіп, ондағы студенттердің барлығын басқа университеттерге ауыстырдық. Атырауда да бір университет жабылды. Қазір Шымкенттегі «Аймақтық инновациялық университетпен» соттасып жатырмыз. Ол Жоғары соттың деңгейіне де барады. Сондықтан бұл жұмыс жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді министр.
Саясат Нұрбек қанша университетті жапты
Саясат Нұрбек өзі министр болғалы қанша оқу орыныың есігіне қара құлып салғанын да айтып өтті.
«Білімнің сапасы жоқ. Тиімсіз, құжатсыз балаларды қабылдайтын университеттерді жаппай жауып жатырмыз. Өзім келгелі 3 университет лицензиясынан айырылды», – дейді министр.
Осыған дейін Саясат Нұрбек отандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы препараттың бағасы жайлы айтқан еді.