Рахат Тұрлыхановқа қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановқа қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімшілік істер бойынша соты Тұрлыхановтың әрекетіне қылмыстық іс белгілері бар болғандықтан, сотқа дейінгі тергеуді бастау мәселесін шешу үшін материалдарды Медеу ауданы прокуратурасына жолдаған. Informburo.kz хабарлауынша, әнші бұл шешімге шағым түсірген. Алайда апелляциялық сот шағымды қабылдамай, қайтарған. Осылайша енді Тұрлыхановқа қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Істің мән-жайы
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылдың 15 наурызында Тұрлыханов үйінде әйелімен жанжалдасқан. Жанжал барысында әйеліне тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсеткен, айғайлап, үйдегі тыныштықты бұзған. Осылайша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабында (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) көрсетілген әрекетті жасаған.
Әйелі А.Ілияс сот отырысы барысында жанжал болғанын растады, ұрып-соқпағанын жеткізді. Қазір екеуінің татуласқанын айтып, Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік істі тоқтатуды сұрады.
Тұрлыханов та сотта жанжалды растап, істі тоқтатуды сұраған.
«Іс материалдарында полиция үйге келген кезде жәбірленуші А.Ілияс күйеуі Рахат Тұрлыхановтың өзін ұрып-соққанын айтқан. Бұл мәліметті әйел жанжалдан кейін айтып, оқиға орнында тіркелген. Алайда сот отырысында жәбірленуші бастапқы жауабынан бас тартып, ұрып-соғу фактісін жоққа шығарды. Тұрлыханов та физикалық күш қолданғанын жоққа шығарды», – делінген іс материалдарында.
Рахат Тұрлыханов әйелін ұрғаны үшін жауапқа тартылған
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов 2023 жылдың 23 қазанында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы (ұрып-соғу) негізінде қозғалған іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.
2024 жылдың 3 қаңтарында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабында көрсетілген әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ескерту жасалған. Алайда артынша прокурордың шешімге қарсы шығуына байланысты 10 күнге әкімшілік қамауға алынды.