Батыс Қазақстанда қоғамдық көлік мектеп автобусымен соқтығысты

Батыс Қазақстан облысындағы Подстепное ауылында мектеп автобусы мен жолаушылар тасымалдайтын маршруттық автобус соқтығысты. Мектеп автобусының ішінде балалар болған.
«Самара – Шымкент» республикалық тас жолының бойымен келе жатқан маршруттық автобус алдында тұрған мектеп автобусының артқы жағына соғылған. Соққы пәрменімен мектеп автобусы инерция арқылы алдында тұрған Ford Galaxy автокөлігіне барып соғылды», – деп хабарлады БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Департаменттің мәліметінше, апат салдарынан зардап шеккендер бар, олардың арасында балалар да бар.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Kursiv Media зерттеуіне сәйкес, елде жол апаты еселеп көбейіп жатыр. 2026 жылдың алғашқы екі айының (қаңтар-ақпан) қорытындысы бойынша республикада 4 062 жол апаты тіркелді. Бұл соңғы он жылдықтағы ең жоғарғы көрсеткіш.