Стоп-кредит: несие алудан ерікті түрде қалай бас тартуға болады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Кредит алудан ерікті түрде қалай бас тартуға болады / Фото: shutterstock

2024 жылдан бері Қазақстанда кредит алудан ерікті түрде бас тартуға болады. Осы уақыт аралығында 5 миллионнан астам адам осы қызметті пайдаланып, несие алуға «стоп қойған». Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Сервис әрбір қазақстандыққа өз атына заңсыз несие рәсімделуінен қорғану және қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Несие алудан қалай бас тартуға болады

E-gov порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы кредит алуға тыйым салуға болады.

Порталда қызметті іске қосу үшін жеке кабинеттегі «Сервистер» бөліміне өтіп, «Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» тармағын таңдау қажет.

Содан кейін электрондық нысанды толтырып, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою керек.

Ал мобильді қосымшада бұл қызмет «Салықтар мен қаржы» бөлімінде орналасқан. Мұнда да деректерді толтырып, сұрау салуды электронды түрде растау жеткілікті.

Қызмет активацияланғаннан кейін сіздің несие тарихыңызда қарыз алудан бас тартқаныңыз туралы арнайы белгі пайда болады.

Банктер мен шағын қаржы ұйымдарына көрініп тұрады

Бұл ақпарат несие бюросына жүгінетін барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына көрініп тұрады. Егер осындай шектеу қойылған азаматтың атынан несиеге өтінім түссе, қаржы ұйымдары оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Ең маңыздысы – егер азамат өзіне несие алуға тыйым салса да, оның келісімінсіз қарыз рәсімделіп кеткен жағдайда, ол несие есептен шығарылып, жойылуы тиіс.

Дегенмен, бұл қызметтің өз ерекшеліктері бар. Шектеу тек несие бюросымен жұмыс істейтін ұйымдарға ғана қатысты, сондықтан ол қарыз алушыларды тексеру үшін бюро қызметін пайдаланбайтын ломбардтар мен кейбір басқа ұйымдарға қолданылмайды.

Сонымен қатар, бұл шектеуді кез келген уақытта алып тастауға болады. Егер сізге болашақта несие алу қажет болса, қызметті өшіріп, содан кейін ғана өтінім бере аласыз.

Осыған дейін Ринат Зайытов алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктердің өзіне жүктеуді ұсынған. Депутат мұндай талап қойылса, банктер киберқауіпсіздікке мүдделі болып, алаяқтық жағдайлар азаятынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз