Атырау мұнай өңдеу зауытына жарты миллиард теңге айыппұл салынған

Атырау мұнай өңдеу зауытына ауаны ластағаны үшін 540 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетовтің айтуынша, тексеріске қала тұрғындарының ауадағы жағымсыз күкіртсутек иісіне жаппай шағымдануы себеп болған.
Тұрғындардың арызынан кейін экология департаменті зауытта жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде үш бірдей заң бұзушылықты анықтаған.
Тексеріс барысында мамандар ауада күкіртсутектен бөлек, күкірт диоксиді, көміртек оксиді және азот оксиді мөлшерінің де шектен тыс көп екенін анықтаған.
Осыған байланысты сот шешімімен зауытқа 520 млн теңге айыппұл салынды. Зауыт басшылығы бұл шешіммен келіспей, жоғары тұрған сотқа шағым түсіргенімен, одан нәтиже шықпаған.
Сонымен қатар қосымша анықталған зиянды қалдықтар үшін кәсіпорынға тағы 20 млн теңге айыппұл кесілді.
16 ақпанда аяқталған бұл тексерудің қорытындысы бойынша барлық қаражат толығымен мемлекет пайдасына өндірілді.
Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де экологиялық талаптарды бұзғаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған болатын.
2025 жылы бұл зауыттың басшысы бірнеше рет ауысқан.