Қостанайда ішімдік ішкен бірнеше жігіт полицейді соққыға жықты

Әлеуметтік желілерде құқық қорғау органының қызметкеріне бірнеше ер адамның шабуыл жасаған видеосы тараған.
НГ басылымының ақпаратынша, оқиға 28 наурыз күні таңертең «Береке» ықшам ауданында болған.
Аталған фактіні Қостанай облысының Полиция департаменті растады.
«Полицей қызметтен тыс уақытта, кәмелетке толмаған балаларын ертіп жүрген кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған азаматтарға ескерту жасаған. Жауап ретінде олар агрессия танытып, оған күш қолданған. Қызметкер формада болған және жұмысқа шығуға дайындалып жүрген», – деп хабарлады ведомство.
Шабуыл жасағандардың барлығы анықталып, ұсталды. Билік өкіліне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Полиция қызметкеріне қол көтеру – заңды өрескел бұзу. Мұндай әрекеттер қатаң түрде тоқтатылады және ешқандай ымыра болмайды. Әрбір кінәлі толық жауапкершілікке тартылады», – деп мәлімдеді департамент.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын сот таңдағанымен, департамент нақты шешімді «тергеу мүддесіне байланысты» жарияламады.
Зардап шеккен полиция қызметкері қазіргі таңда амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Оның балалары зардап шеккен жоқ.
Мұның алдында Шымкентте мас зейнеткер 12 жасар баланы соққыға жыққан еді.