Нарыққа 1,1 млрд долларға тең валюта шығарылды: теңге бағамы бір айда 4%-ға нығайған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Наурыз айында тең нығайды / Фото: shutterstock.

Наурызда теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 478,15 теңгеге дейін жетіп, бір айда 3,9%-ға нығайды. Сонымен қатар, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық көлемі де өсті: бір күндік орташа көрсеткіш 335 млн доллардан 372 млн долларға дейін көтеріліп, жалпы айлық айналым 6,7 млрд долларды құрады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Республикалық бюджетті қаржыландыру мақсатында наурыз айында Ұлттық қордан 400 млн АҚШ доллары сатылды. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 6%-ын немесе күніне шамамен 22 млн долларды құрады. Ақпанда да 400 млн долларға тең валюта сатылған.

Ұлттық қордан қанша валюта сатылды

Алдын ала болжам бойынша, сәуір айында бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан тағы 300-400 млн доллар аралығында валюта сатылмақ.

Наурыз айында «айналау» операциялары аясында шамамен 350 млрд теңге алынды. 2026 жылдың екінші тоқсанында осы тетік бойынша баламасы 1,1 трлн теңгеге жуық шетел валютасын сату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің валюталық түсімін міндетті түрде сату нормасы аясында ай бойы 391 млн АҚШ долларын нарыққа шығарды.

Айта кетерлігі, Ұлттық Банк наурыз айында валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Сонымен қатар, зейнетақы активтерінің (БЖЗҚ) инвестициялық портфелі үшін АҚШ долларын сатып алу операциялары да орындалмады. Мұндай шешімдер алдағы уақытта нарықтық жағдай мен портфельдің теңгерімділігіне қарай қабылданады.

Теңге бағамына қатысты болжам қандай

Ұлттық Банктің мәліметінше, алдағы уақытта теңге бағамының өзгеруіне мынадай факторлар әсер етеді:

  • Нарық қатысушыларының болжамы;
  • Тоқсандық салық төлемдері;
  • Әлемдік нарықтардағы ахуал және геосаяси жағдай.

Еліміздің бас банкі алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік беретін икемді айырбас бағамы режимін жалғастыра беретінін және нарықтағы барлық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз