Трамп АҚШ НАТО-дан шығуы мүмкін екенін айтты

НАТО елдері АҚШ-тың Иранға қарсы әскери іс-қимылдарын қолдамағаннан кейін, Америка альянс құрамынан шығу мәселесін талқылап жатыр. Дональд Трамптың бұл сөзін The Telegraph басылымы жариялады.
Трамп альянсты «дәрменсіз ұйым» деп атады.
«Иә, АҚШ-тың НАТО-дан шығу мәселесі енді қайта қарауға жатпайды деп айтар едім. НАТО мені ешқашан сендіре алған емес. Мен олардың дәрменсіз екенін әрқашан білетінмін, айтпақшы, мұны Путин де біледі», – деді ол.
«Біздің соғысымыз емес»
АҚШ президентінің айтуынша, НАТО-дағы серіктестер әлемдік мұнайдың 20%-дан астамы өтетін Ормуз бұғазын ашуға көмектесуге асығар емес. Ал Тегеран бұл бұғазды бірнеше апта бойы жауып тастап, ашпай отыр. Ол өз кезегінде мұнай мен газ бағасының күрт өсуіне әкелді.
«Олар (одақтастар- ред.) қолдау көрсетуден бас тартты. Мен де аса қатты қысым жасап, талап еткен жоқпын. Бірақ ол (қолдау білдіру – ред.) автоматты түрде орындалуы тиіс еді. Біз оларды, соның ішінде, Украинаны да әрқашан автоматты түрде қолдап келдік. Украина біздің мәселеміз емес еді. Бірақ біз олардың жанынан табылдық және әрқашан солай болатын еді. Ал бұл жолы бәрі басқаша болды», – деп түсіндірді АҚШ президенті.
Осыған дейін Трамп Еуропа елдерін, оның ішінде Ұлыбританияны Иранмен соғыста одақтас болуға шақырған. Бірақ Лондон оның ұсынысынан бас тартты.
«Бұл біздің соғысымыз емес, араласу ойымызда да жоқ», – деген еді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.
Осыған дейін Трамп Иранмен арадағы соғыстың қашан аяқталатынын айтқан. Оның сөзінше, Құрама Штаттар Ирандағы билікті ауыстырды, соған байланысты соғыс 2-3 аптадан соң аяқталуы керек.