Ақмолада әйелді қатыгездікпен өлтірген қылмыскерге 24 жылдан кейін үкім шықты

Ақмола облысының соты күш қолданып, қорқытып зорлау және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша айыпталған 61 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
«Сот 2002 жылы Ақкөл қаласында түнде 37 жастағы сотталушының мас күйінде үйіне жету үшін өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатып тұрған 29 жастағы жәбірленушіні жолықтырғанын анықтады. Оны ұрып-соғып, өлтіремін деп қорқытып, жергілікті стадион аумағына алып келген. Жәбірленушінің денесіне соққы жасап, темекімен күйік салған сотталушы зорлаған. Ол жасаған қылмысын жасыру және жазадан құтылу мақсатында жәбірленушіні өлтірген», — делінген хабарламада.
Сотта айыпталушының жәбірленушінің аузына шырша бүршіктері мен топырақ тығып, аса қатыгездікпен кісі өлтіргені туралы ақпарат берілді. Одан кейін мәйітті көшедегі әжетханаға тастап, қылмыс орнынан қашып кеткен. Сарапшының қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарының жабылуы салдарынан болған асфиксиядан туындаған.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының бұрын бірнеше рет сотталғанын, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын және аса ауыр қылмыс жасағанын ескергені атап өтілді.
Сот үкімімен кінәлі адамға 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған адамнан жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге сомасында моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Сонымен қатар, сот жазасын өтеу орны бойынша «алкогольді тұтынуға байланысты психикалық және мінез-құлық бұзылыстарынан» мәжбүрлеп емдеуді тағайындады.