Қазақстандағы қуатты су электр станциясы акционеріне 77 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Су электр станциясы қомақты дивиденд төлейді / Фото: Бұқтырма СЭС-і

Қазақстандағы ең қуатты су электр станциясы – Бұқтырма СЭС-і 2025 жылы тапқан таза табысын толық дивидендке жібермек. Жалғыз акционердің шешіміне сәйкес, компания 7 400 836 782 теңгені дивиденд төлеуге бағыттайды.

Бөлінген қаражаттың 74,5 млрд теңгеден астамы жай акцияларға, ал 2,8 млрд теңгесі артықшылығы бар акцияларға тиесілі.

Бір акцияға шаққандағы жылдық жиынтық дивиденд мөлшері 4893 теңге 01 тиынды құрады. Оның 3562 теңге 69 тиыны бірінші жартыжылдықта төленіп қойған, ал қалған 1330 теңге 32 тиыны екінші жартыжылдық үлесі ретінде беріледі.

Жай акциялар бойынша дивиденд төлеу 2026 жылдың 19 наурызында басталып, 20 сәуірінде аяқталады деп белгіленді. Төлемдер «Qazaq Green Power» ПК банктік шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар басқару құрамындағы өзгерістерге сәйкес, директорлар кеңесінің төрағасы Бақтияр Барбасовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның орнына Юрий Курий Директорлар кеңесінің төрағасы болып, ал Айтмағанбет Оспанбеков кеңес мүшесі болып сайланды. Жаңа мүшелерге міндеттерін атқарғаны үшін сыйақы төленбейді.

Бұқтырма – Қазақстан энергетикалық жүйелері ішіндегі қуатты су электр стансасы. Ол Бұқтырма өзенінің төменгі сағасына 1956 жылы салынған. «Самұрық-Энерго» компаниялар тобына кіреді. 2025 жылдың қазанында холдингтің еншілес құрылымы – Qazaq Green Power PLC-ге берілді.

«Бұқтырманың» белгіленген қуаты 675 МВт, орташа жылдық өндіру күші – 2,77 млрд кВт/сағ. Ол өңірдің тау-кен өндіру және металлургия кәсіпорындарын энергиямен, сондай-ақ, Қазақстанның энергия жүйесіндегі ең жоғары жүктемелерді жабумен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыз