
Ресейдің Экономикалық даму министрлігі ел экономикасының құлдырауы туралы жаңа деректерді жариялады. Ақпан айының қорытындысы бойынша, Жалпы ішкі өнім (ІЖӨ) жылдық есеппен 1,5%-ға қысқарған. Еске салсақ, қаңтарда бұл көрсеткіш 2,1%-ға тең болған еді. Осылайша, жыл басынан бері экономикалық құлдырау деңгейі 1,8%-ды құрап отыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Құлдыраудың себебі: күнтізбе ме әлде дағдарыс па?
Министрлік қаңтар мен ақпандағы жағымсыз динамиканы негізінен «күнтізбелік фактормен» түсіндіреді. Ведомствоның уәжінше, биылғы ақпанда былтырғымен салыстырғанда жұмыс күні бір күнге, ал қаңтарда екі күнге аз болған. Дегенмен маусымдық факторларды есепке алмағанда, экономикалық көрсеткіштер өсімсіз, тек қаңтар айының деңгейінде қалып қойған.
Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінде де кері кету байқалады: қаңтардағы 0,8% төмендеуден кейін, ақпанда көрсеткіш тағы 0,9%-ға кеміді.
Болжамдар мен үміт: арапшылар не дейді?
Ресей билігі 2026 жылы экономика 1,3%-ға өседі деп үміттенгенімен, шындық басқа арнаға бұрылуы мүмкін:
- Министрліктің күмәні: Экономикалық даму министрі Максим Решетников жылдың алғашқы жартысы «күрделі» болатынын айтып, ресми болжамның төмендетілетінін аңғартты.
- Орталық банктің ұстанымы: Реттеуші биылғы өсімді 0,5–1,5% деңгейінде деп болжап отыр.
- Тәуелсіз сарапшылар: Рейтер жүргізген сауалнамаға қатысқан 16 экономист Ресей экономикасының биылғы өсімі 0,8%-дан аспайды деген пікірде.
«Жұмсақ қону» ма, әлде стагнация ма?
Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен батыс санкцияларының қыспағына ұшыраған Ресей экономикасы өткен жылы күрт баяулады. 2024 жылғы 4,9%-дық қарқыннан кейін, 2025 жылы өсім небәрі 1%-ды құрады.
Анықтама: Экономикада «жұмсақ қону» (soft landing) бұл мемлекеттің экономикалық өсімі баяуласа да, терең дағдарысқа (рецессияға) ұласпай, бірқалыпты деңгейге түсуі.
Билік бұл жағдайды инфляцияны тежеуге бағытталған «басқарылатын салқындату» немесе «жұмсақ қону» деп сипаттағанымен, сарапшылар 2026 жылдың алғашқы жартысында рецессия қаупі барын ескертеді. Президент Путин экономикалық өсімді биыл қалпына келтіруді бұйырса да, министр Решетников нақты нәтиже тек 2027 жылы болуы мүмкін екенін меңзеді.