Заңсыз лоторея ойнатып жүрген блогерлер келтірген шығынына байланысты тексеріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Лоторея ойнатқан блогерлер жазалана ма / Фото: shutterstock

Қазақстанда лоторея ойнату үшін арнайы лицензия керек. Ал оңды-солды заңсыз лоторея ойнатып жатқан блогерлердің әрекеті келтірген шығынына қарай тексерілетін болады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Сенат кулуарында айтты.

«Лоторея ойнату – лицензиялатын қызмет түрі екені белгілі. Арнайы лицензиясыз лоторея ойнатып жатқан блогерлердің іс-әрекеті келтірген шығынына байланысты сарапталады. Ал Жанабыловтарға келетін болсақ, қазір сот жүріп жатқаны белгілі. Сот шешімі шыққан соң ғана пікір білдіре аламыз», – деді ол.

Жанабыловтар ісі

2025 жылдың 18-21 тамызы аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады.

Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс 2025 жылдың 5 қыркүйегінде басталды. Содан кейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.

Сондай-ақ оқыңыз